378,86 417,79 6,08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чеджу аралындағы корейлер жылқы бағу дәстүрін бабаларымыздан алған

  • 1172
  • UPD: 18:46, 09.04.2018

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Жапониядан Оңтүстік Кореяға келіп жетті.

Олар XIII ғасырдағы Құбылай хан әскерінің жүріп өткен жолын қайталап, Күншығыс елінен Корей түбегіне кемемен аттанды. Екі елдің арасын Шығыс теңізі бөліп жатыр. Экспедиция мүшелері 3 сағатқа созылған сапар барысында бабалардың жүрген жолын басып өтті.

Моңғол әскері Корей түбегін жаулауды 1231 жылы Үгедей ханның тұсында бастаған. Осы уақыттан бастап 1256 жылға дейін олар корейлерге қарсы алты үлкен әскери жорық ұйымдастырады. 1256 жылы Коре патшалығы моңғолдардың билігін толық мойындайды және осы уақыттан бастап алым-салық төлей бастайды. Ал Құбылай хан әскері 1273 жылы Кореяның оңтүстігіндегі аралдарды бағындырып, осы жерлерді Жапонияға қарсы шабуылда форпост ретінде пайдаланады. Осындай тірек аралдардың бірі – Чеджу аралы.

Дәл осы жерден Құбылай хан әскері үш мың кемеге отырып, Жапонияны бетке алады. Бұл жерде моңғол әскері үшін кемелер салынған. Ал корейліктер осы жерде қытайлармен бірігіп, моңғол әскерінің флотилиясын дайындаған. «Бабалар ізімен» экспедициясы дәл осы жерге келіп, өз көзімен көруге шешім қабылдады. Бүгінде бұл жер Оңтүстік Кореяның үлкен теңіз айлағы болып табылады.

Чеджу аралы ортағасырлық Коре мемлекетінің моңғолдармен күресте ең соңғы бас сауғалаған орны болған. Осы жерде 1273 жылы Құбылай әскері мен корейлер арасында шешуші шайқас болады. Бүгінде мұнда осы шайқасқа қатысты тарихи музей және арнайы кешен тұрғызылған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Сеулдің түбінде Корей мемлекеті моңғолдардан жеңілгеннен кейін көп әскері осы аралға қашып келеді. Менің артымда тұрған – солардың жасаған қамалы. 1273 жылы моңғолдар оларды қуып, осы аралға келген. Осы арада жиналған корейлердің 12000 әскері моңғолдармен соғысады.

Бұл шайқаста олар жеңіліс табады. Ал Корей түбегі 1370 жылға дейін, яғни 100 жылға жуық уақыт бойы Моңғол империясының қол астында болып, алым-салық төлеген. Осы уақыт аралығында Чеджу аралында 3000 сарбаздан тұрған моңғолдардың әскери гарнизоны тұрған. Олардың басым бөлігін түркі және қыпшақтан шыққан жауынгерлер құраған және осы әскердің кавалериясында көп жылқы болған. Содан бері 8 ғасыр өтсе де, бұл аралда жылқы бағу дәстүрі әлі сақталған және бұл дәстүрді корейлер біздің бабаларымыздан алған.

Шин Донг Ан, Жежу аралының тұрғыны, кәсіпкер:

– Чеджу аралында жылқы көп. Біз жылқы майын өндіреміз және оны косметикалық мақсатта пайдаланамыз. Сондай-ақ жылқының сүйегінен кальций дәруменін жасаймыз. Аралда жылқы етінен тағам ұсынатын ресторандар да көп. Чеджуде он екі мыңнан астам Қамбар ата тұқымы бар. Бұған қоса жылқыны туризмді дамыту үшін қолданамыз. Туристер осында келіп, атқа мініп, сейіл серуен құрады. Былтыр Чеджу аралына 12 миллионнан астам турист келген.

Осылайша біздің бабаларымыздың атының тұяғы тиген жерлерде осындай айқын іздер қалған. Бабалар ізімен экспедициясы Сеулде аз кем аялдаған соң Қытайды бетке алады.

Авторлары: Саят Жөкенұлы, Қуаныш Қожабеков, Арман Данышбаев

Хабар 24 телеарнасы