382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Париж тұрғындары Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің өнерін тамашалады

  • 517
  • UPD: 20:25, 31.05.2018

Париждің беделді концерт залдарының бірі «Гавода» Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің гала-концерті өтті.

Концерт Франциядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

Ұлы дала музыкасын тыңдауға бес жүзден аса адам жиналды. Франциядағы Қазақстан елшісі Жан Галиевтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан атыраулық әртістердің гастрольдік сапары Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланысты нығайта түседі. Париждегі көрермен қауым Құрманғазы, Дина, Ықылас, Түркеш, Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский сынды дарындардың шығармаларына тамсанып, тік тұрып қошемет көрсетті.

Арман Жүдебаев, Д.Нұрпейісова атындағы оркестрдің бас дирижері:

- Парижге келіп, осындай керемет қазақтың күйін дүбірлеткенімізге қуаныштымыз! Бүгін тек күйлер ғана емес, әлемдік классикалық шығармаларды да орындадық, халық өте жақсы қабылдады. Қазақтың күйі шет мемлекеттердің төрінде шарықтай берсін. 

Альбер Фишлер, Париж университетінің профессоры:

- Бұл кеш маған ләззат сыйлады. Біз Құрманғазының күйлерін сүйсіне тыңдадық. Дирижердің арқасында ұлы даланың бар сұлулығын сезінте білген оркестр керемет! Әртістер көне аспап қобыз бен домбыраның жоғары құдіретті екенін көрсете білді.

Ал оркестр батыс классикасының әйгілі композиторлары Иоганн Штраус, Жорж Бизе мен Юбер Жироның шығармаларын орындағанда, көрермендер таңданыстарын жасыра алмады.

Даниэль Урбан, Париж қаласының тұрғыны:

- Маған бәрі ұнады. Шынымды айтсам, тек халық музыкасын тыңдайтын шығармын деп ойлағанмын, алайда концерт мен ойлағаннан да асып түсті: бұл симфониялық фольклор болды. Мен 18-19 ғасырдың классикалық музыкасын ұнатамын, бірақ бүгін Орталық Азияның симфониялық композициясы мен ырғақтарын тыңдау өте әсерлі болды.

Табарек Догу, Париждегі қазақ диаспорысының өкілі:

- Еуропаның төрінде, Парижде қазақтың ән-күй концерты өтіп жатыр, біз өте қуаныштамыз, керемет! Енді біздің тілегіміз шетелде жүрген диаспораларға, қазақтарға жиі келіп тұрсыншы, ұмытпау үшін. Әсіресе жастар үшін керек. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасында да осыны айтты. Құлақтарына сіңе берсін дейміз.

Осылайша Париж халқы қазақ өнерінің құдіреті мен ұлттық аспаптардың шексіз мүмкіндігіне және оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаевтың шеберлігіне тәнті болды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы