360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қашанға дейін созылмақ?

  • 214
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қашанға дейін созылмақ? adfuelsolutions.com

АҚШ пен Қытайдың арасындағы сауда соғысы әлемді алаңдатып отыр.

Естеріңізде болар, бұған дейін АҚШ пен Қытай кезек-кезек бір-бірінің импорттық тауарларына баж салығын 25 процентке дейін көтерген еді. Жаһан жұрты екі алыптың ендігі қадамдары қандай болады деп, демін ішіне тартып отыр?

Сауда соғысы таяуда бітпейтін тәрізді. Тіпті әйгілі «Алибаба» корпорациясының басшысы Джек Ма, бұл текетірес ондаған жылға жалғасады дегенді де айтып қалды.

«Қытай қазіргі заманның Жібек жолына, яғни Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропамен сауда қатынасына баса мән беруі тиіс», – дейді «Алибаба» корпорациясының басшысы Джек Ма. Себебі АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының салдары 20 жылға созылуы мүмкін. Джек Ма бұл туралы Тяньжиндегі әлемдік экономикалық форумда мәлімдеді. Сауда менеджері АҚШ Президентімен екі жыл бұрын кездескен еді. Сол кезде қытайлық электронды сауда арқылы АҚШ-тың бір миллион шағын кәсіпкерінің бизнесін өркендету туралы келісілген. Енді «Алибаба» компаниясының Америкада 1 миллиондық жұмыс орнын ашу туралы уәдесінің орындалуы екіталай.

Джек Ма, «Alibaba group» корпорациясының негізін қалаушы:

– Менің ойымша, қазіргі экономикалық жағдай шатқаяқтап тұр. Және бұл жағдай ұзақ мерзімге созылуы мүмкін. Сауда соғысы өршіп, бұдан да қиын болуы мүмкін. Өз-өзімізді осыған дайындауымыз шарт. Сонда ғана нақты шешім қабылдауға жеңілірек болады.

Қытайдан импортталатын тауарларға салықты өсіруде АҚШ-тың өз есебі бар. Дональд Трамп өзінің сайлауалды науқанында уәде еткеніндей, бұл шаралардың барлығы америкалықтардың мүддесі үшін жасалады. Яғни ішкі нарықта қытайлық емес, америкалық тауар өндірушілердің кәсібі өрге жүзгенін қалайды.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

– Біз нақты әрекетке көшуіміз керек. Америка әлем үшін жинақ сандықшасына айналғандай. Бізді сол жинақ сандықшасындай көріп, Қытай келіп ақша алады, одан кейін Еуропалық одақ тағы алады. Осылайша, елдің бәрі бізді жұлып жеп жатыр. Мен америкалық жұмысшыларды, шаруалар мен компанияларды қорғағым келеді. Енді көресіздер, ешкім біздің несібемізді тартып ала алмайды.

Дональд Трамптың бұл үндеуі, америка азаматтары үшін құлаққа жағымды естіледі. Алайда экономикалық сарапшылар «импорт салығын өсіру АҚШ-тың өзіне ауыр тиюі мүмкін. Ал Қытайға одан келіп-кетері жоқ», – дейді.

Питер Мориси, Мэриленд университетінің экономика ғылымдарының профессоры:

– Қытайдың ішкі режимі Трамптың тарифтеріне төтеп беретіндей қысым жасай алады. Бейжің өзінің валюталық курсын реттеп қана қоймай, шығындарды өндірушілердің мойнына арта салуы да мүмкін. Санкциялардың алғашқы легі Қытайға қатты әсер ете қоймаса керек. Ол 25 процентті құрады. Санкциялардың жаңа легі 10 процент болмақ. Сондықтан Бейжің бұған селт етпесі анық.

Экономика ғылымдары профессорының бұл сөзін сауда ұйымдарының өкілдері де қостайды. Олар тек, екі ел арасындағы сауда соғысы өзгелерге кері ықпалын тигізе ме деп алаңдайды.

Уильям Зарит, Қытайдағы Америка сауда палатасының төрағасы:

– Вашингтонның мәлімдемесіне қарамастан, Қытай бәріне сақадай сай әзір, ол түрлі қысымдарға төтеп береді, алдағы уақытта да солай болатыны анық. Таяу арада тығырықтан шығар жол табамыз деген сенімдеміз. 

Мэтс Харборн, Қытайдағы еуропалық сауда палатасының төрағасы:

– АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Қытайдағы еуропалық компанияларға кері әсерін тигізеді, және оның салдары ауыр болуы мүмкін.

Расымен, Мэтс Харборн айтқандай, таяқтың ұшы бір емес, бірнеше елге тию ықтимал. Сондықтан сауда соғысының өршіп кетпеуі, әрі ұзаққа созылмауы бәріне бірдей тиімді сыңайлы. Осы ретте дүниежүзілік сауда ұйымы басшысының айтар уәжі бар.

Роберту Азеведу, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры:

– Тараптар түрлі сөзге келуі мүмкін, бірақ іс жүзінде еш нәрсе жасалмайды. Шындығы осы. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы тарапынан, тұшымды нәтиже шығару үшін диалог құруға жағдай жасауға тырысамыз. Ұйымдағы реформалар, мүше елдердің барлығына бірдей септігін тигізсе дейміз. Бұл АҚШ пен Қытайға да қатысты. Екі тараптың диалог құрғаны дұрыс, тек бұл жағдайды шешетіндей келісім жасалмауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге қатысты басқалардың да үн қосқаны жөн. Бұл ретте, Дүниежүзілік сауда ұйымы диалогқа қажет платформаны қамтамасыз ете алады.

Дүниежүзілік сауда ұйымы тараптарды келісімге келтіру үшін барлық жағдайды жасауға тырысқанымен, АҚШ Қытай тауарларына тағы да санкция салмақ. Естеріңізге сала кетсек, қыркүйектің 24-і күні АҚШ импорт салығын 10 процентке көтеруді жоспарлап отыр.

Хабар 24 телеарнасы