365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«ТҮРКСОЙ» ұйымының құрылғанына 25 жыл толды

  • 120
  • UPD: 00:02, 09.11.2018

Биыл түбі бір түркі жұртын бір арнаға біріктіретін халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының құрылғанына – 25 жыл.

Мерейтойлық датаға орай Ыстамбұл төрінде ТҮРКСОЙ халық аспаптар оркестрінің концерті өтті. Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының ұйытқысымен құрылған ұжымда түркітілдес елдердің белгілі өнерпаздары өнер көрсетті.

Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналған ТҮРКСОЙ ұйымына ширек ғасыр толды. Ұйым 1993 жылы Алматыда негізі қаланып, түркі жұртының жаһандану заманында алпауыттарға жұтылып кетпей, өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу жолында маңызды жұмыстар атқарып келеді. Осы орайда Түркі мәдениетін және өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымының Ыстамбұл қаласында 25 жылдық мерейтойына арналған кеші өтті. Оған түріктің белді саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, көрнекті өкілдер мен шаһар тұрғындары қатысты.

Түркінің белді жұлдыздары дәстүрлі, фольклорлық шығармаларды орындап, Түркі әлемінен шыққан атақты композиторлардың туындыларын да паш етті.

Түркі әлемінің халық музыкасын жан-жақты насихаттап, жаңғыртып жүрген өнерпаздар қала тұрғындарын ерекше сезімге бөлеп, серпілтіп тастады.

Билал Ердоған, «Садақшылар» қоры өкілетті кеңесінің мүшесі, этноспорт конфедерациясының президенті:

– Алдымен ТҮРКСОЙ ұйымына үлкен алғысымды білдіремін. Ыстамбұлдың мәдени шараларының қатары тағы бір керемет концерттік бағдарламамен толықты. ТҮРКСОЙ түбі бір түркі жұртының арасындағы байланысты одан әрі нығайту жолында маңызды іс-шаралар атқарып отыр. Алдағы уақытта бұл текті шаралар тізбегінің одан әрі артуына тілектеспін. Себебі тілі, діні, тарихы мен мәдениеті бір халықтар одан әрі жақындап, өзара селбесуі тиіс.

Эрден Карапынар, көрермен:

- Кеш өте керемет өтті. Ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды айтамын. Түбі бір түркі халқы ретінде осындай мәдениет, музыка мен өнеріміздің бар екеніне іштей мақтан еттім. Осындай кешті тамашалағаныма қуаныштымын.

12 мемлекеттен 50 өнерпаздың басын қосқан ТҮРКСОЙ халық аспаптар оркестрінің мерейтойлық концерті енді Жапонияда жалғасын таппақ. Ұйым күншығыс елінің төрт аралында кеш ұйымдастырып, қиыр шығыс халқын түркі өнерімен тәнті етпек.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Седат Денли

Осы категория бойынша: « Астанада ақын Файзолла Сатыбалдыұлының мұрасы түгенделіп жатыр Атырауда Ирак Елекеевтің шығармашылық кеші өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы