371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда алғаш рет М.Өскінбайұлы атындағы өнер байқауы өтіп жатыр

  • 148
  • UPD: 22:26, 22.11.2018

Ақтауда алғаш рет Мұрат Өскінбайұлы атындағы халықаралық өнер байқауы өтіп жатыр.

Оған өз елімізден бөлек Әзірбайжан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан да өнерпаздар келген. Қатысушылар қазақ сазгерлерінің туындыларын домбыра, дутар, қобызда ойнап, көрермен қошаметіне бөленуде. Тілшіміз Талғат Исламұлы сөз алады.

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84:

- Мұрат Өскінбайұлы атындағы өнер байқауы Елбасы мақаласында айтылған Ұлы дала фольклоры мен әуендерін қайта жаңғыртып, әлемге дәріптеп жатыр. Бауырлас үш елден келген өнерпаздардың қазақ сазгерлері туындыларын орындауда шеберлік танытуы осыған дәлел. 

Мұрат Өскінбайұлы – Маңғыстауда дүниеге келген дәулескер күйші, сазгерлердің бірі. Оның мақамы терең, мәнері бөлек күйлерін орындау асқан шеберлікті қажет етеді. Сондықтан ұйымдастырушылар оның күйлерінің ноталарын былтыр көрші мемлекеттерге жолдаған. Нәтижесінде қазақ күйлері өзбектің дутары мен қырғыздың қомызымен байқау сахнасында еш қиындықсыз орындалды.

Зиеда Кучкурова, байқауға қатысушы /Өзбекстан/:

- Мұрат Өскінбайұлы жазған күйлер мені бірден баурап алды. Оларды дутармен тарту да оңай. Сазгердің өзге де туындыларымен танысып, ұлттық аспапта орындап келемін. Байқау талабы бойынша оның бір шығармасын, содан соң өзім таңдаған өзбек күйін орындадым.

Байқау «Домбыра», «Қобыз», «Ғиджақ», «Прима» және «Шертер» аталымдарынан тұрады. Қатысушылар осы рет бойынша топқа бөлініп, жаңа Достық үйінде, Маңғыстау өнер колледжі мен өңірлік филармония залында өнер көрсетуде. Сайысты Әзірбайжан мен Өзбекстан және қазақстандық мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайды.

Кәрима Сахарбаева, ҚР еңбегі сіңген қайраткері:

- Бірінші сайысынан бастап қатысып келе жатырмын. Енді міне Мұрат атамыздың өнері, жеті Қайқының соңғы тұяғының жартасқа ұрып, қайта шарпып ұрпағына соққан өнері халықаралық деңгейге жетіп отыр. Осы жерде өзбектің қызы жүр. Дутарымен Мұрат атамыздың күйлерін орындап жатыр. Бұл, күй өнері болашақ ұрпаққа жалғасты, әлемдік деңгейге шықты деген сөз. 

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84:

Ақтауда алғаш өтіп жатқан І халықаралық халық аспаптарында орындаушылар сайысы 22 қарашада қорытындыланады. Астана уақытымен сағат 20.00-де байқау салтанатты түрде жабылып, жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетіледі. Бұдан соң Мұрат Өскінбайұлы атындағы облыстық филармонияда гала-концерт өтеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Осы категория бойынша: « Елімізде Қасым ханға арналған телехикая түсірілуі мүмкін ҚР Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы