377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда суретші С.Мәмбеевтің 90 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр

  • 188
  • UPD: 14:44, 15.12.2018

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстанның халық суретшісі Сабыр Мәмбеевтің 90 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр.

«Ғұмырлық шығармашылық» деп аталған көрмеде суретшінің 80-ге жуық туындысы қойылған.

Сабыр Мәмбеев қазіргі заманғы сурет өнерінің негізін қалағандардың бірі. Шығармашылыққа 50-жылдардың соңында келген ол, кәсіби суретшілердің екінші толқынына жатады. Бұл кезең түрлі эксперименттер жасауға мүмкіндік берді. Жаңашылдыққа бет бұрған Сабыр Мәмбеев, өз туындыларында қазақтың тыныс тіршілігін академизм бағытында бейнелейді. 

Гүлнұр Жұбанова, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми қызметкері:

- Кейінгі туындыларын қарап отырсаңыз,  философиялық ойға кетеді. Суретші сол адамның бойындағы мінезін сол өзінің бойынан өткізе отырып жазғандай әсер қалдырады. Яғни көбісі жұмбақ аяқталмаған сияқты көрінеді. Барақ ол жұмыстардың барлығы аяқталған өзінің айтары бар туындылар болып келеді.

Көрмеде көптеген портреттер мен пейзаждар қойылған. Әр жылдарда салынған туындыларынан суретшінің уақыт өткен сайын романтикадан гөрі парасатты пайымға ауысқанын байқауға болады. Айта кету керек, Сабыр Мәмбеевтің қазақ ауылының бейнесін көрсететін «Киіз үй алдында» атты картинасының түпнұсқасы әйгілі Третьяков галереясында тұр. Суретшінің бұл еңбегі қазақ сурет өнерін бұрынғы одақ көлеміне паш етті.  

Клара Исабаева, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі баспасөз қызметінің басшысы:

- Суретшінің тағдыры қиын болды. Ұжымдастыруды да басынан өткерді. Бала кезде жетім қалған ол қиындықты өзінің таланты арқасында жеңді. Қазақстанның суретшілер одағының төрағасы болып отырғанда осы саланың  дамуына үлкен үлес қосты. Сабыр Мәмбеевтің картиналары қазақ көркем сурет өнерінің алтын қорына енді.

Сабыр Мәмбеев табиғи әдемілікті өзіндік ерекше қолтаңбасымен суреттей білді,  дейді өнертанушылар. Танымал суретшінің көрмесі жыл соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы