382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында ауылдық өнер мектебінің шәкірттері Түркиядан жүлдемен оралды

  • 263
  • UPD: 15:13, 07.06.2019

Қарағанды облысының Ақтоғай ауылындағы өнер мектебінің шәкірттері Түркия елінде өткен халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралды.

Бұл жас өрендердің әлемдік деңгейдегі алғашқы жеңісі. Алақандай ауылдан шығып, қазақтың өнерін «алты құрлыққа» паш етіп жүрген «Әуен» ансамблі жайлы келесі бейнематериалда.

Ақтоғайдағы дарынды балалардың басын біріктірген «Әуен» ансамблінің құрылғанына небәрі 6 жыл болған. Соған қарамастан жас өрендер 21 мемлекеттің өнерпаздары бақ сынаған халықаралық байқауда топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Ән додасына тек балалар ғана емес, ересектер де қатысқан.

Саламат Мүбәрәк, «Әуен» ансамблінің жетекшісі:

- Ересектермен болғандықтан балаларда да, бізде де кішкене қобалжу болды. Біз енді елдің, жердің атынан барып отырған соң, қазақтың өнерін, қазақтың әнін, қазақтың киімін, дәстүрін насихаттау ретінде қатысқан болатынбыз. Аллаға шүкір, гран-при алдық.

Өнерпаздар әлем сахнасында қазақтың халық әндерінен попурри орындап, қонақтарды таңдай қақтырған. Қазылар алқасының тәнті болғаны соншалық, күзде Италияда өтетін тағы бір байқауға жолдама берді. Топ мүшелері елге оралған соң, бірден дайындыққа кірісіп кеткен.

Аружан Боранқұл, «Әуен» ансамблінің жетекшісі:

- Болгариядан келген бір жүргізуші «сендердің тілдеріңді түсінбесем де, әндерің жүрегіме жетті» деген сөз айтты бізге. Бұл сөз біз үшін үлкен қуаныш болды, әрине. Осы кісілердің жүректеріне әнімізді жеткізіп, керемет марапат алғанымыз біз үшін үлкен мәртебе.

Кешегі Манарбек, Күләш, Әсетті туған қасиетті Ақтоғай топырағы таланттардан кенде емес. «Тоқырауын толқындары» ансамблі талай жыл әлемді дүрліктірсе, олардың ізбасарлары өнер мектебінде оқып жүр. Дәстүрлі ән, вокал, қобыз, домбыра сыныптарында қазір 340 бала тәлім алып жүр.

Бұл күні Анталиядан жүлдемен оралған балғындарды мектеп ұжымы құттықтады. Енді күзде тағы үлкен сын тұр. Алайда Италияға бару үшін бірталай қаржы керек. Оған барлық ата-ананың мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан дарынды балалар демеушілердің табылатынынан үмітті.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы