384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында көне домбыралар көрмесі өтті

  • 222
  • UPD: 14:38, 08.07.2019
Қарағанды облысында көне домбыралар көрмесі өтті

Танымал тұлғалардың қолының табы қалған ұлттық аспаптарды тамашалауға келген жұрттың қарасы көп, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әсіресе жастардың қызығушылығы басым. Мамандар әр домбыраның тарихына тоқталып, жиналғандарға мол мағлұмат берді.

Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған көрмеге халық әртістері Жәмилә Шашкина мен Қали Байжанов, шертпе күй шебері Дәулетбек Сәдуақасұлы секілді 15-ке жуық танымал тұлғаның домбырасы қойылды. Ішіндегі ең көнесі – осыдан шамамен 125 жыл бұрын жасалған күйші Әбікен Хасеновтың қара домбырасы.

Салтанат Қамытбаева, шет ауданы археологиялық-этнографиялық музейінің директоры:

– Мұражайда осы шертпе күйдің домбыралары бірнеше жылдан бері жинақталған, жақсы сақталған. Мінеки, біз сол домбыраларымызды бүгінде паш етіп, халыққа көрсетіп, әрбір домбыраның тарихын, қалай жасалған, ол кімдікі екендігін айтып, насихаттап жатырмыз.

Көрменің Ақсу-Аюлыда өтуі де кездейсоқ емес. Шет өңірі – шертпе күйдің қайнар бұлағы. Қасиетті мекенде Қыздарбек, Сембек, Әбди, Бегімсал күйшілердің ізі қалған. Сол асылдардың мол мұрасын зерттеп жүрген Қайролла Сәдуақасов бұл күні арнайы келіпті. Қарағандыда «Күй керуен» орталығын құрып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ақсақалдың қолында да көне домбыралар бар екен. 

Қайролла Сәдуақасов, күйші:

– Қолымда 119 жыл болған домбыра тұр. Кешегі Арқада өмір сүрген, Киікті, Мойынты өңірлерінде өмір сүрген Қыздарбек, Итаяқ, Әбди, Сембек күйшілердің қолының табы тиген домбыра деп есептеуге болады. Сол сияқты тағы да қалақ домбыра бар, қолдан жасалған. Ол домбыраның да жасы 100-ден асып кеткен.

Бұл – әйгілі Қыздарбек күйшінің домбырасы. Бетінде парсы тілінде Омар Хаямның бір шумақ өлеңі жазылған. «Шамамен ХІХ ғасырдың ортасында жасалған болуы керек», – дейді жазушы Кәмел Жүністегі. Ол 50 жыл бойы жинаған құнды жәдігерлерін үйінде сақтайды. Бірер күн бұрын оны тамашалауға, тіпті, сонау Ирландиядан туристер келіпті. Қазір ақсақалдың қолында атақты Қақпан ақынның, Сембек күйшінің де домбыралары сақтаулы.

Кәмел Жүністегі, жазушы:

– Қараңыздаршы, жағасы қыздың жағасындай, әдемілеп жасалған. Алып жүруге де өте ыңғайлы. Сембек күйшіні 31 жылы Жамбылдың Сарыбұлақ деген жерінде атқанда осы домбырамен өзінің соңғы күйін тартқан.

Атадан балаға мирас болған асыл өнерімізді, ұлттық аспабымызды зерттеп жүрген жазушы Кәмел Жүністегінің айтуынша, қазақта жеті түрлі ән мен күйдің домбырасы болған. Қазір соның алтауы ақсақалдың қолында.

Кәмел Жүністегі, жазушы:

– Алты түрлі домбыра бар қазақта. Ал жетінші домбыра таптырмайды, жоқ қой. Жетінші домбыраны көрген де жоқпын ғой, қарғам. Құрама домбыра дейді. Қандай болғанын ешкім білмейді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы