377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Topjarǵan» жобасының жеңімпазы халықаралық фестивальге жолдама алады

  • 156
  • UPD: 19:51, 04.01.2020

Жарқ ет те, жарып шық. Көрерменнің көзайымына айналған Топжарған музыкалық шоуының ақтық кезеңінің түсірілімі аяқталды. Халықаралық жобаға айналған байқауға кіл мықтылар қатысты. Биылғы маусымда үлкен өзгеріс те бар екен.

Күміс көмей әншілердің тартысы әр эфир сайын шым-шытырыққа толы. Қатысушылар бір-бірінен озған. Әділ қазылар мен көрермендерге мықтылардың тобын жарып шығатын жұлдызды анықтау қиынға соғуда. 

Роза Рымбаева, қазылар алқасының мүшесі:

- Бірінен бірі асқан әншілер. Әрқайсысының өзінің ерекше дауысы бар, ерекше мәнері бар. Бұл жолғы жұмысымыз ауырлау, қиындау болады бізге. Оның ішінде тағы көрерменнің бағасы бар. Бізден өткен әнші көрерменнен кейде өтпей жатыр. Сондықтан бақ шаба ма, бап шаба ма дейді ғой кейбір кезде. 

«Topjarǵan» музыкалық шоуының екінші маусымына іріктеу елорда мен Алматы қаласында өткен болатын. Тіпті өзге елдерден келген үміткерлер де бар.

Нұргүл Есенгелді, жобаның редакторы:

- Биылғы «Топжарғанның» бірінші маусымнан ерекшелігі – биыл бізде халықаралық болып саналады. Өйткені шетелден келген қатысушыларымыз бар. Грузиядан, Қырғызстаннан, Италиядан және Куба елінен келді қатысушылары. Қатысушылардың сан 70-ке жуық.

Кенжебек Нұрдолдай, жобаға қатысушы:

- Осы жоба маған өзімді жан-жақты қылып, өзге мен білмейтін қырларымнан көрсетуге мүмкіндік беріп жатыр. Шыны керек осы «Топжарған» жобасына қатысу арқылы мен өзімді мүлдем басқа қырымнан таныдым. Осы жартылай финалға жеткізген халқыма рақмет! 

Жоба қатысушыларын жартылай финалды еңсерді. Алда ақтық кезең. Сол себепті босаңсуға болмайды. Оның үстіне биылғы маусымда үлкен жаңалық енгізіліп отыр.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі»  АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл жобадағы тартыс өте қызықты болды. Қатысушылар бар күштерін салды. Финал көрермендер үшін қызық болады. Өйткені жеңімпаз Қазақстанның азаматы болса алғаш рет Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағы ұйымдастыратын халықаралық фестиваліне қатысатын болады. 

Иә, қызыққа толы тартыста жарқ етіп топты жарып шыққан жұлдыздың есімін өнерсүйер қауым қаңтардың 4-і күні біле алады. Ол үшін сенбі күні кешкі сағат 8-де «Хабар» арнасын қосуды ұмытпаңыздар. 

Авторлары: Риат Шони, Әсел Русалиева, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы