424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» арнасынан «Бақталас» телехикаясы көрерменге жол тартады

  • 756
  • UPD: 20:05, 15.02.2020

Наурыз айынан бастап «Хабар» арнасынан «Бақталас» телехикаясы көрерменге жол тартады. Бұл туындының ең басты ерекшелігі сериалда ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталып, шытырманға толы  әрбір оқиғасы көрермендердің көңіліне ой салады. Жастардың еліне, туған жеріне деген патриоттық сезімін оятатын телехикаяның тәрбиелік мәні зор.

«Бақталас» деп аты айтып тұрғандай бұл телехикаяда екі жігіт арасындағы бақталастық көрініс табады. Талантты көкпаршы Қайсардың жетістігі Мәдидің ішін өртеп, қызғаныштың аяғы қастыққа дейін апарады. Сериалда басты рольде ойнайтын Максим Абзалбектің айтуынша, өзі сомдайтын кейіпкері табиғатына қарама-қайшы адам. Дегенмен, оның өміріндегі жағдай актердің басында да болғандықтан бұл рольді алып шығу қиынға соқпаған.  

Максим Абзалбек, актер:

-  Бұл сериалда мен Қайсар деген жігітті ойнаймын. Өте қарапайым. Ауылдың баласы. Қалаға қарай келеді. Көп қателік жібереді. Өйткені қаланың  тұрмыс-тіршілігі басқаша ғой ауылға қарағанда. Ауылдағы адамдар бір-бірлерін алдамайды. Қаладағыдай ауыр тұрмыс-тіршілігі жоқ. Оның үстіне ол көкпаршы. Спортшы жігіт болғандықтан, балуан жігіт болғандықтан көп қиыншылыққа ұшырады.

«Хабар» арнасының тапсырысы бойынша түсірілген телехикаяның басты идеясы ұлттық спортымыз – көкпар ойынын дәріптеп, қазақ тұлпарларының араб немесе ағылшын сәйгүліктерінен еш кем емес екенін паш ету болды дейді режиссер Қанағат Мұстафин.    

Қанағат Мұстафин, режиссер:

-  Қыр-сырын сериалдың ашып айтпай-ақ қояйын. Былай қысқаша айтқан кезде «Бақталас» деген аты өз айтып тұр. Екі команда болады. Екеуі тартысқа түседі.  Басты кейіпкер өзінің бүкіл өмірін тігеді деп айтсақ та болады.

«Бақталас» телехикаясына Асылхан Төлепов, Олжас Әлжанов, Мақпал Хасенова секілді жас актерларден бөлек кәсіпқой көкпаршылар да түсті.  Ауылдан қалаға келген Қайсар қандай қиындықтарға тап болды? Ол көздеген мақсатына қол жеткізе алды ма?  17 наурыздан бастап «Хабар» арнасынан көре аласыз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы