411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда соғыс жылдары жазылған хаттар цифрлық форматқа көшіріледі

  • 242
  • UPD: 12:18, 18.02.2020
Павлодарда соғыс жылдары жазылған хаттар цифрлық форматқа көшіріледі

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында 1941-1945 жылдар аралығында жазылған хаттарды цифрландыруды С.Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми облыстық кітапхана қолға алды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

Өлкетану және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Марал Таженованың айтуынша, электронды ресурстың тұсаукесері 28 сәуірге жоспарланып отыр.

 «Ерлікке тағзым» атты виртуалды музей сайтын құрастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл электронды ресурс бес бөлімнен тұрады: фотогалерея мен наградалық құжаттар, кітаптар мен газеттер, соғыс жылдары аралығында жазылған хаттар. Қазіргі таңда архивпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Кітаптардың біраз бөлігі цифрландырудан өткізілді. Ол жерде Ұлы Отан соғысы туралы Павлодар облысы қаламгерлерінің 40 кітабы сандық форматқа көшірілді. Атап айтсақ, авторлық келісімшарт жасалған Бекболат Хызыровтың «Неразделимы судьбы Отчизны и ее сыновей и дочерей», Ғалымбек Жұматовтың «Жеңіс жалауын желбіреткен», Сергей Горбуновтың «Память сердца», Еркін Мундуиновтың «Батыр аға» және тағы басқалары бар», - деді Марал Таженова.

Бұдан бөлек, өңірде 1941-1945 жылдар аралығында жарық көрген газеттер туралы ақпарат алуға болады. Фотогалерея бөлімінде сұрапыл соғыс жылдары мен жыл сайын өтетін шерулерден түсірілген естелік суреттер орын алады.

Сонымен қатар әртүрлі Қазақстанның сайттарынан алынған және ресейлік Подвиг народа, Бессмертный полк сайттарына сілтеме көрсетіледі. Себебі ол жерден тұрғындар өздерінің туыстары туралы мәліметтер тауып алуы мүмкін. Мұның барлығын архивтер жұртшылыққа қолжетімді болу үшін интернет беттерінде жариялаған.

«Майдан жылдарына қатысты деректер жинастырылып жатқаны туралы хабарландыру жіберілді. Аудандарда кітапханалар цифрландырудан өткізгеннен кейін бізге жолдайды. Бұдан кейін барлық мәлімет бір жерге топтастырылады. Жуырда Ақсудан наградалық құжаттар әкелінді. Кез келген адам майдан кезінде жазылған хаттарды осында алып келе алады және сканерден өткізгеннен кейін бірден қайтарылады. Мұның барлығы тегін жасалады. Тұрғындардан бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған майдангерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін отбасылық архивтерден фотосуреттер мен хаттарды әкелуді сұраймыз. Отан үшін отқа түскен батырларды құрметтеу – біздің міндетіміз», - деді бөлім басшысы.

Айта кетерлігі, облыстық кітапхана 2019 жылы 10 000-нан астам газет пен кітапты цифрландырған. Цифрлық банкке сканерден өткізілген «Қызыл Ту», «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» облыстық газеттері енгізілген. Ең көне басылым 1917 жылы жарық көрген «Степная правда» деп аталады.

Хабар 24 телеарнасы