423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театры сахнасында музыка мектебінің өрендері өнер көрсетеді

  • 412
  • UPD: 10:32, 19.02.2020
«Астана Опера» театры сахнасында музыка мектебінің өрендері өнер көрсетеді

Дарынды жас әртістер «Астана Операның» камералық залы сахнасында өнер көрсетеді. 29 ақпан күні тыңдарман назарына «Елордадағы музыкалық кездесулер» концерті ұсынылмақ.

Осы кеште әлемдегі ең танымал шығармашылық оқу орындарының бірі – П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебінің бітіруші сынып оқушылары көрермен қауымға өздерінің орындаушылық шеберліктерін паш етпек. Олардың барлығы – беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары, көптеген елдерде жеке концерттерімен жиі өнер көрсетіп жүр. Екі бөлімнен тұратын қызықты да тартымды концерт бағдарламасын Әлия Асанова, Беата Прохорова, Софья Меньшикова (фортепиано), Абылай Нұрлыбек, Далила Азимова (скрипкалар), Рута Вайткуте (флейта), Федор Вишневский (кларнет) ұсынады. Жоба бастамашысы – Astana Piano Passion V халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауының лауреаты Әлия Асанова.

«Біз жас дарындарға қолдау көрсетіп, Қазақстанның ең үздік залдарының бірі – өзінің мінсіз акустикасымен кең танылған, әсем де салтанатты «Астана Опера» камералық залының сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік береміз. Аталған концертке қатысатын жас аспапшылар – әртістердің жаңа толқыны. Бұл дарынды, зияткер балалар, қалыптасып үлгерген шығармашылық тұлғалар музыкалық жолының баспалдағын енді аттауда. Кеш бағдарламасы өнерсүйер қауым үшін өте қызықты болмақ, себебі онда әлемдік классиканың жауһарлары шырқалады. Көрермендер өздері үшін жаңа есімдермен танысып, олардың шығармашылығының нағыз жанкүйерлеріне айналуы әбден мүмкін», – деп атап өтті

Камералық зал жетекшісі, музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Концерттің бірінші бөлімінде керемет классикалық туындылар: Г.Форенің флейта, кларнет, скрипка және фортепианоға арналған «Павана», А.Скрябиннің фортепианоға арналған №2 сонатасы, соль-диез минор (Соната-фантазия), С.Рахманиновтың скрипка мен фортепианоға арналған «Екі пьеса» топтамасынан «Романс», Д.Шостаковичтің екі скрипка мен фортепианоға арналған бес пьесасы, К.Сен-Санстың флейта, кларнет және фортепианоға арналған тарантелласы, ля минор, Ф.Ваксманның Ж.Бизенің «Кармен» операсының тақырыптарына фантазиясы шырқалады. Кештің екінші жартысында дарынды жас музыканттардың интерпретациясында С.Франктың флейта мен фортепианоға арналған сонатасы, ля мажор, К.Шимановскийдің скрипка мен фортепианоға арналған ноктюрн және тарантелласы, К.Дебюссидің кларнет пен фортепианоға арналған шағын пьесасы, Б.Бартоктың фортепианоға арналған сонатасы орындалады.

Басталуы сағат 17.00-де.

Хабар 24 телеарнасы