425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Асыл әжелер» ансамблі 20 жыл бойы ұлттық салт-дәстүрдің ұйытқысы болып келеді

  • 365
  • UPD: 16:25, 24.03.2020

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Бостандық ауылындағы «Асыл әжелер» ансамблінің құрылғанына 20 жылға жуықтапты. Осы мерзімде ақ жаулықты аналар ауыл ажарын кіргізіп, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұйытқысы болып келеді.

Ою-өрнек ойып, көрпе қабу, ұршық иіру сынды қолөнер түрлерін де насихаттауда. Коронавирусқа байланысты мәдени-көпшілік шараларға тыйым салынғанымен, әжелер биылғы Ұлыстың Ұлы күнін ансамбльдің бұрынғы мүшесі Дина Мәжитованың шаңырағында атап өтті. Бүгінде денсаулығына байланысты  үйде отырған сыралғы серіктерін мерекемен құттықтап, Наурыз көжеден ауыз тиді. Ән шырқап, көңіл көтерді.

Гүлбану Шынтемірова, «Асыл әжелер» ансамблінің жетекшісі:

- Қазақи дәстүрді, салтты насихаттау мақсатында,  кейінгі ұрпаққа тәрбие беру мақсатында жұмыстанып жатқан жайымыз бар. Алдымен балаларға ертегі айту, ескі қиссаларды, жырларды айтудан бастаймыз. Қала берді қыз ұзатқанда соған жасау жасаймыз. Жалпы қолымыздан не келеді, соның барлығына қатысып, атсалысамыз. Ауыл ішінде жанашырмыз, ақылшымыз.

Бақыт Базартаева, Бостандық ауылының тұрғыны:

- Дастарқан жайып, бауырсағымызды шашып, көже, айран, құрт майларымыздың бәрін толтырып қоятын күніміз ғой  көршілерімізді аралап.  Наурызымыз құтты болсын, ел тыныш болсын, ақ мол болсын! Әр уақытта да бір-бірімізге аман-саулықпенен, жақсы тілегімізбенен қауыша берейік!

Хабар 24 телеарнасы