418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда қазақстандық студент Құрманғазы күйлерінен шашу шашты

  • 159
  • UPD: 15:57, 04.07.2020

Лондон орталығында Домбыра күні қарсаңында қазақстандық студент флеш-моб ұйымдастырды. Әйгілі Трафальгар алаңында Айдар Айшабеков Құрманғазы күйлерінен шашу шашты. 

Құлақтан кіріп бойды алар тәтті күйдің тыңдармандары табылып, араларында музыкалық аспап пен ұлттық киімдерімізді танығандар да болды. Трафальгар алаңы - Біріккен Корольдіктің танымал көрнекі орындарының бірі. Мұнда әдетте салтанатты шаралар мен халықтық серуендер ұйымдастырылады. Ал бүгін оның сахнасында қазақстандық студент өзінің шағын концертін берді. Айдар Лондон университеттік колледжі заң факультетінің магистранты, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Шетелдіктер Ұлы дала елінің мәдениеті туралы көбірек білсін деген ниетпен ол домбыраны Ұлыбританияға әдейі алып келген.

Айдар Айшабеков, UCL университетінің студенті:

- Домбыра ол тек қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, мәдени мұрасы. Қасымдағы шетелдік группаластарыма анда-санда ойнап беремін. Олар өте ұнатады. Бәріміз бір жиындарда отырған кезде ойнап, көңіл көтереміз. 

Айдарды Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қызметкерлері де қолдады. Олар ұлттық киімдер киіп, қазақ мәдениетін насихаттауға өз үлестерін қосты. Айта кету керек, осы тектес флешмоб бүкіл әлем бойынша ұйымдастырылды. Оған ұйытқы болған қазақстандықтардың шетелдегі альянсы арнайы бейнебаян дайындап, әлеуметтік желілер арқылы таратпақшы. Пандемияға байланысты кісі қарасы азайған Трафальгар алаңында бірлі-жарым турист кезікті. Олар «Балбырауын» және «Адай» күйлерін тыңдап ғана қоймай, домбыраны шертіп көруге де тырысты.

Хабар 24 телеарнасы