427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Қарағанды өңіріндегі ерекше жерлеу рәсіміне тап болды

  • 171
  • UPD: 11:03, 19.09.2020

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Қарағанды өңіріне сапар барысында ерекше жерлеу рәсіміне тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлытау ауданындағы «Мақат саханасы» аталатын кесенеде мәйіттің беті топырақпен жабылмаған. Экспедиция жетекшісінің айтуынша, мұндай жерлеу рәсімі Ингушетияда кездеседі екен.

Қазақ жерінде Қараторғай және Сарыторғай деген қос өзен бар. Бастауын Ұлытаудан алып, Қостанай өңіріндегі Торғайға құяды. Міне, осы қос өзеннің бойында негізі өткен ғасырларда қаланған тарихи ескерткіштер өте көп. Солардың бірі ел ішінде «Мақаттың саханасы» деген атаумен белгілі. Болжам бойынша 20-ғасырда салынған кесенеге бір әулеттің адамдары ғана жерленген.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Ислам дініндегі жерлеуге қарағанда өзгеше. Өйткені мұнда жерге әкеліп көмбейді. Әуелі денесін лақатқа қояды, астында лақат бар. Содан біраз уақыттан кейін адамның терісі сүйегінен бөлінген уақытта сүйекті құдыққа тастайды да, оның орнына келесі адамның табытын әкеп қояды.

Кенжалы Балкен, тарихи-өндірістік музей директоры (Жезқазған):

– Кірген адам уланып қалмас үшін инженерлік-техникалық желдеткіштер жасалған. Үш желдеткіш үш жақтан келеді де, ішіндегі желдеткіші ауаны жоғары қарай тіке тартып алып кетеді. Ою-өрнектері ерекше. Соның бірі маңдайшасына «Алла, Алла, Мұхаммед» деген сөздер жазылып тұр. Бұл осы жерде тұрған үлкен тайпалардың барлығы ислам дініне берік екенін білдіреді.

Жерлеудің мұндай тәртібі қазақ жеріне Араб мемлекеттерінен келген деседі. Тарихшылардың айтуынша, құрылысы осыған ұқсас кесенелер Қарағандыдан бөлек еліміздің батыс өңірінде кездеседі. Ал «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі: «Мұндай саханалар Қап тауының солтүстігінде, Ингушетияда, бар», – дейді.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Екі ортада бір байланыс боп тұр. Соған қарағанда бұл арада тұрған кей тайпалар өз адамдарын осылай жерлеген. Олар 12-13-ғасырларда Батысқа, Волганың ар жағына, Солтүстік Кавказға көшкен уақытта өздерінің дәстүрін сақтап қалған. Көпке дейін адамдарын солай жерлеп келген.

Жерлеу рәсімінің түпкі мәні ашылмағанымен, мұндай ескерткіштер тарихымыздың бір бөлігі болып қала бермек. Ал бұдан соң экспедиция қобызшы әулие Қойлыбайдың кесенесіне аттанды.

Әулиенің жатқан жеріне ең жақын елді мекен Ақтас шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Одан бері жетемін деген жолаушының кем дегенде 1,5 сағат уақыты кетеді. Ал жеңіл көліктің мұнда жетуі тіпті қиын. Алайда мұнда келетіндердің саны көп көрінеді. Мәселен, қазірдің өзінде бірге бірнеше көліктің келгенін көріп отырмыз.

Бұл кесене 1993 жылы салыныпты. Ал бойында бақсылығы бар қобызшы 18-ғасырда өмір сүрген деген дерек бар. Өлкетанушылардың айтуынша, оның бізге жалғыз күйі жеткен көрінеді.

Асхат Яров, өлкетанушы:

– «Тілеп-Сарықыз» деген операда жақсы айтылған. Тілеп атаның жасымен есептесек, Қойлыбайдың 18-ғасырда өмір сүрген жылдары шығады. Қазір Қойлыбайдың күйлерін іздеп жатыр, Өлкетанушылардан сұрадық, «Сарын» деген күйі бар», – дейді. «Бар» деген сөз бар, алайды нақты дерек әзірге жоқ.

Бұдан кейін экспедиция Қарсақбай ауылын бетке алды. Қазақ жерінде 20-ғасырдың екінші ширегінде Кеңес үкіметінің саясатына қарсы көтерілістердің жиілей түскені белгілі. Олардың аяусыз басып-жаншылғаны да аян. Осы бір қасіретті жылдардың белгісіндей болған бұл ескерткіш 2011 жылы бой көтеріпті. Осылайша Торғайда басталған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының сапары Қарағанды даласында, көтеріліс құрбандарының рухына тағзым етумен түйінделді.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы