427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда кинотеатрлар қашан ашылады?

  • 116
  • UPD: 22:12, 02.10.2020

Елдегі ең ірі кинотеатрлар желісінің басшысы «5000 қызметкерім табыссыз қалды» дейді. Наурыз айыннан бері шығынға белшеден батқан. Барлық қалада бөлімшесі бар компания жыл сайын 1 млрд теңгеден астам пайда табатын. Кинотеатр адам көп жиналатын орын болғандықтан карантиннің қатаң режиіміне көнбеске амал жоқ. Келесі апта жұмысымызды бастауға рұхсат берсе, қандай талапты да орындауға дайынбыз деп отыр.

Ерлан Бұқарбаев, кинотеатрлар желісінің директоры:

- Біз тіпті шектеулерге де дайынбыз. Ең бастысы, ашылып, жұмысымызды бастасақ екен. 5 мың жұмысшымыз жан жақта жүр қазір. Қазақстан бойынша мыңдаған адамымыз жұмыссыз қалды. Олардың отбасы бар. Көбінің несиесі бар. Сондықтан санитарлық талапты сақтай отырып, жұмысты бастауға дайынбыз.

Пандемияға дейін елде 92 кинотеатр мен 350 кинозал жұмыс істеп тұрған. 6 мыңнан астам адам осы салада нәпәқасын тауып жүрген. Карантиндік шектеулер бірнеше рет жеңілдетілсе де бұл салада өзгеріс болмады. Киномен табыс тауып жүргендер 15 млрд теңге шығынға ұшыраған. Кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның айтуынша, кәсіпкерлердің әзір ес жиюы қиын. Шағын залдар қайта ашылмауы да мүмкін.

Мунира Ягудина, кинотеатр иелері қауымдастығының президенті:

– Біз барлық құзырлы органға хат жолдап, мәселені көтердік. Бірақ еш нәтиже жоқ. Онсыз да шығыны көп сала еді. Қазіргі жағдайымыз тым мүшкіл. Бізді еститін жан бар ма? Театрлар ашылып жатыр ғой. Індет жұқтыру қаупі бар дейді. Бірақ ұшақпен емін-еркін ұшып жатқандарды қайтеміз?! Алгоритмге сай кинозалды 30 процентке ғана толтыру керек екен. Мысалы, 600 орындық кинозалға 50 адам жинап алу қисынсыз. Одан кейін кино – тез бұзылатын тауар. Жаңа туындыларды экранға шығарып, прокатқа ұсынуымыз қажет.

Кинотеатрлар ашылғанның өзінде залға тағам алып кіруге тыйым салынуы мүмкін. Бұның өзі табысты азайтады дейді қауымдастық басшысы. Дегенмен, олар кез келген шартты қабылдап, жұмыс істеуге дайын.

Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, адам 2 сағат бойы жабық бөлмеде отырса, вирус жұқтыру қаупі жоғары.

Ержан Байтанаев, тауарлар мен қызметтердің сапасын БК ресми өкілі: 

- Комитет тарапынан эпиджағдай зерттелуде. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқан жағдайда кинотеатрлардың ашылуына байланысты. ведмствоаралық комиссияның отырысында қаралады. Ол эпиджағдайға байланысты ұсыныс жасалады.

Қысылтаяң кезеңде елдегі шағын және орта бизнестің тұралап қалғаны жасырын емес. Аудиторлық компаниялардың бірі жариялаған есепке сүйенсек, карантин кезінде 300 мыңнан астам шаруашылық субьектісінің жұмысы тоқтаған. Көбі шектеу шаралары жеңілдегеннен кейін ғана ісін жалғастырып жатыр.

Автор: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы