422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте кинотеатрлар жабылып қалуы мүмкін

  • 78
  • UPD: 23:52, 11.11.2020

Шымкентте кинотеатрлар жабылып қалуы мүмкін. Пандемияға байланысты олардың жұмысы жарты жылдан бері тоқтап тұр. Кәсіпкерлер «кинотеатрдың ашылуын шектеу ақылға қонымсыз» деп есептейді. Сондықтан кәсіп иелері шаһардың бас санитар дәрігеріне өтініш хат жазды. 

Қазір Шымкенттегі кинотеатрлардың барлығы бос тұр. Соңғы рет мұнда фильм тұрғындарға наурыз айында көрсетілген. Сосын коронавирусқа байланысты жабылып қалды. Соның салдарынан қиын жағдайға тап болдық дейді.

Еркебұлан Рахмет, кинотеатрлар желісінің директоры:

- 13 наурыздан бастап біз жұмыссыз отырмыз. Сегізінші ай болды ешқандай жалақысыз, барлығы ақысыз еңбек демалысына кетті. Шамамен Шымкенттегі біздің 3 кинотеатр бойынша 102 қызметкер қазіргі таңда жұмыссыз, айлық-жалақысыз отыр. Жағдайлары өте қиын.

Уақытылы жалақы алмағандықтан кинотеатр қызметкерлерінің 40% жұмыстан кетуге өтініш жазған. Кинотеатр иелерінің бәрі білікті мамандарынан айырылып қалғанын жасырмайды. Әсіресе техниканың тілін білетін мұндай мамандарды енді еш жерден таппайтындарын айтып отыр.

Назира Манкеева, кинотеатр қызметкері:

- 8 ай болды біз жұмыссыз отырмыз. Бізде ұжымда жалғызбасты аналар бар. Біразы жұмыстан шығып кетті. Жұмыс ашылар деп, күтіп отырған қыздарымызда отыр әлі жұмыссыз. 42500 маған бір мәрте ғана берді. Ешқандай көмек алған жоқпын өкіметтен.

Кәсіпкерлерді жағдайдың түсініксіздігі алаңдатады. Олардың барлығы арақашықтық пен санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеуге дайын. Бірақ рұқсат етілмей отыр. Оның үстіне өзге өңірлердегі кинотеатрдың ашылуы кәсіпкерлердің жағдайын одан сайын шиеленістіріп жіберді. Алайда шаһардың санитарлық дәрігерлері мұның қауіпті екенін айтады. 

Болат Нұрманов, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БД бөлім басшысы:

- Осы қауіпке байланысты кинотеатрлардың жқмысына тыйым салынып отыр. Басқа аймақтардың бәрінде ашылды. Тек Шымкентте жабық. Не себеп? Себеп қауіптен, қауіп бар болғандықтан. Қазір аурулар бізде ғана емес, басқа өңірлерде тіркелгені бар, солардың бәрін назарға алып, қауіп содан есептеледі. Бір аптадан кейін бұл мәселе қайта қаралады. 

Департамент мамандары кинотеатрлардың ашылу, ашылмауы өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты екенін айтады. Рұқсат берілген күнде де талап күшті болмақ. Бірақ әзірге қашан ашылатыны белгісіз.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы