423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазалы ауданында ауылдық клуб ашылды

  • 319
  • UPD: 22:12, 17.12.2020

Қызылорда облысында 2020 жылы құрылысы басталған 31 әлеуметтік нысанның 19-ы пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігі шалғай елді мекендерде орналасқан. Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазалы ауданында 150 орындық ауылдық клуб ашылып отыр. Мәдени ошақ ұжымының алғашқы концертін тамашалауға арнайы барған аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова өнерпаздарды қолдау шаралары жан-жақты жүргізілетінін жеткізді. 

Ақсуат ауылының тұрғындары 15 жылдай күткен өнер ордасында домбыра және қобыз үйірмелері өз жұмысын бастады. Сондай-ақ 30 мыңнан астам қоры бар кітапхана да алғашқы оқырмандарын қабылдады. Ақсуатта жалпы биыл бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілген болатын.

Рзахан Қуаныш, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Біреуі 90 орындық балабақша, біреуі 150 орындық мәдениет үйі. Сосын 2 көше асфальтталып, түнгі жарық шамдары орнатылды. Аудан басшысының бастамасымен саябақ салынды. Саябақ өте әдемі, көрнекті. Ауыл жылдан жылға жақсы болып келе жатыр.

Қазалы биыл алып құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығында 4 пәтерлі 10 тұрғын үй салынып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде де ауқымды жобалар қолға алынған. 

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Бұның бәрі тәуелсіздік жемісі. «Нұрлы жер, Нұрлы жол, Жұмыспен қамту» жол картасымен биыл 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 40 млрд теңгеге жуық 4 бағыттағы нысандар жөндеуден өтіп, қайта салынды немесе жаңа құрылыстар енгізілді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты осындай жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша да Қазалының ауылдары абаттандырылып, ажарлана түсті. Келер жылы Кәукей, Сарыбұлақ, Шәкен, Майдакөл және Лақалы ауылдарында мәдениет үйлері салынады. 

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы