387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте жергілікті полиция қызметі жылдамдық өлшейтін тағы бір жаңа құралды іске қосты

  • 1127
  • UPD: 20:18, 18.01.2017

Шымкентте жергілікті полиция қызметі жылдамдық өлшейтін тағы бір жаңа құралды іске қосты.

Бір қызығы жылжымалы фоторадардың қай жерге қойылатынын алдын-ала ешкім білмейді. Өйткені полицейлер оның орнын жиі-жиі ауыстырып отырады. Тіпті қондырғы жанында тәртіп сақшысы мен арнайы белгі де болмайды. Кез келген қала мен елді мекен аумағында негізгі жылдамдықты 60-тан асырмау керек. Алайда кейбір жүргізушілер темір тұлпарды тізгіндегеннен кейін желігіп жатады. «Жаңадан алынған қондырғы сондай заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіншілік береді», - дейді тәртіп сақшылары. Қазірдің өзінде орталық көшеде қозғалыс реттеліп қалған. Жолдағы құқық бұзушылықты түгелдей түсіріп алатын жылжымалы фоторадар жеңіл әрі тез құрастырылады. Сондықтан алып жүруге оңай. Оған қоса оны 1,5 шақырымда отырып ноутбуктың көмегімен бақылауға болады. Қондырғы ауа-райын да таңдамайды.Тіпті күндіз-түні жұмыс істейді.

Ерлан Ермекбаев, ЖПҚ бөлім басшысы:

- Бұрын тоқтатып хаттама толтырып беретін еді. Қазір ондай емес. Қазіргі таңда флешкамен жұмыс істейтін боламыз. Ал келешекте бұл құрылғыны интернетке жалғап, вайфай арқылы тікелей процецинг орталығына құқық бұзушылықты бірден сонда жібереміз. Яғни ешкімнің қатысуы болмайды.

Фоторадар бірінші кезекте қаладағы көлік нөпірі көп және жол оқиғалары жиі орын алатын көшелерге қойылыпты. Ол бір сағатта 600-ге жуық құқық бұзған көлікті түсіріп алған. «Қондырғы сынақтан өтіп жатқандықтан, әзірге айыппұл парағы жүргізушілердің мекен-жайына жіберілмейді», - дейді тәртіп сақшылары. Оған қоса қондырғының қай жерде тұрғанын ешкім білмейді. Өйткені ол маңда ешқандай тәртіп сақшысы, не қандай да бір жол белгісі болмайды.

Бақытжан Нышанов, қала тұрғыны:

- Енді ондай нәрсе қойылғаннан кейін өзінде белгіні ескерту қойылу керек деп ойлаймын. Адам пенде болғаннан кейін асығыстық әр түрлі жағдай болады ғой. Оны түсем деп түспейді.

Нұрмахан Баратов, қала тұрғыны:

- Негізінде тәртіп, тәртіпке бой ұсынсақ жаман болмаймыз ғой. Өзімізге керек нәрсе ғой бұл. Халық үшін жасалып жатқан нәрсе. Қала автобан емес қой.

Әзірге жылжымалы фоторадардың алты данасы алыныпты. Оның үшеуі Шымкентте, қалғаны республикалық маңызы бар жолдарға қойылады. «Дәл қазіргі таңда бұдан бөлек екі жылжымалы көлік пен қаладағы көше қиылыстарында 21 дана интегра құрылғысы жұмыс істеп тұр. Бұл жол оқиғасының санын азайтуға мүмкіндік береді», - дейді полицейлер.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов. 

Хабар 24 телеарнасы