386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінде бақ сынамақ

  • 969
  • UPD: 13:24, 03.03.2017

«Қазмедиа орталығы» мен Қазақстан Республикасы ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесі жарияланғаны белгілі.

Сапалы тележобаларды анықтап, отандық телевидениені одан ары дамыту және талантты кәсіби мамандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл ең алғашқы бәйге 12 аталым бойынша өтеді. «Телевидениенің дамуына үлес қосқаны үшін» номинациясында «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыз бақ сынамақ. «Хабар» арнасының тұрақты көрермендері бұл тілшінің кім екенін біз айтпасақ та бірден біледі. Олай дейтініміз, қазақ журналистикасының мэтрі Тілеуқабыл Мыңжасарды танымайтын адам кемде кем. Ағамыз телевизия саласында 25 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Ол кісі осы уақыт ішінде мыңдаған шақырым жол жүріп, 10 мыңға тарта репортаж әзірледі. Өзекті де өткір тақырыптарды көтеріп, көптеген күрделенген мәселенің оң шешілуіне ұйытқы бола білді.

Тілеуқабыл Мыңжасар, «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі:

- 65 жасқа келіп, қолына микрофон ұстап жүр деген тілші бар дегенді өз басым естіген жоқпын және 25 жыл осындай қызметте табан аудармастан тілші болып еңбек етіпті деген адамды естігенім жоқ. Сондықтан мен өзімше рекордтарым деп есептеймін мұны. Бұл қызметті мен өзім өте бағалаймын, құрметтеймін және жақсы көремін. Сондықтан ешқайда табан аудармай еңбек етіп жүрмін.

«Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Тілеуқабыл Мыңжасардың журналистикадағы жалпы еңбек өтілі 45 жыл. Әрине, бұл аз уақыт емес. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Тілекеңді ұстаз тұтанын шәкірттері өте көп-ақ.

Әділхан Сахариев, «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі:

- Енді мен өзім мақтан тұтамын осындай ұстазым бар екеніне. Қуаныштымын өмірде кездескеніме осы кісімен. Мысалы ол кісіні қазір бір елшілікке жіберсе, басқа бір мемлекетке, сол мемлекетпен Қазақстан ең жақсы қарым-қатынаста болушы еді деп ойлаймын. Өйткені соншалықты тіл табыса алады да адамдармен.

Болат Кәкібала, «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі:

- Расында қазақ телевизиясының дамуында, оның ішінде тәуелсіз қазақ елінің телевизиясының дамуында, тележурналистиканың дамуында өзіндік орны бар, жетекші роль атқаратын «Хабар» агенттігінің іргесін қалаушылардың бірі Тілеуқабыл ағамыз.

Өзінің еңбекқорлығының арқасында елдің ерекше ілтипаты мен сый-құрметіне бөленген «Хабардың» ардагер журналисі күні кеше ғана 65-ке толды. Пайғамбар жасынан асқан ағамыздың тілі шалымды, қаламы әлі де қарымды.

Айдар Башбаев, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Бүкіл Алматы облысының тұрғындары ол кісіні Хабар аға деп атайтыны да сондықтан шығар. Өйткені халқымыздың Тілекеңе деген ыстық ықыласы бөлек. Ол кісіні бір сөзбен айтқанда халықтық тілші деп айтуға болады.

2011 жылы Тілеуқабыл Мыңжасардың «Жаһанды жаулаған жанр» атты кітабы жарық көрді. Үлкен қызмет пен атақ-даңққа өмірі қызықпаған журналистің ел алдындағы абырой-беделі өте зор. Соның арқасында үкіметтік наградалар мен түрлі сыйлықтарға ие болып, Алматы облысының құрметті азаматы атанды. «Тұмар» статуэткасының бірі ұстазымызға бұйырар деген үміттеміз.

 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев.

Хабар 24 телеарнасы