386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы көлдердің деңгейі көтерілді

  • 1333
  • UPD: 18:31, 25.04.2017

Жамбыл облысындағы екі бірдей көлде судың деңгейі көтеріліп, маңайындағы ауылдарға қауіп төнді. Жаңаөткел ауылында 20 үйдің ауласына су кіріп, қоражайлары құлады. Ал су басқан Тұрлыбай қыстағынан 18 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жергілікті атқарушы органдар қатердің алдын алу үшін бөгеттерді нығайтып, күндіз-түні жұмыс істеп жатыр.

Биыл Аса өзенінде жылдағыға қарағанда су ерекше көп. Мамандар оны күн райының күрт жылып, таудағы қар жылдам еруімен және жауын-шашынның мол түсуімен байланыстырып отыр.

Соның салдарынан осы өзеннің бойындағы бірнеше елді мекенді су басу қаупі төнді. Су құрсауында қалған бірнеше шаруа қожалығы да бар. Билікөл көлінің жанында орналасқан Жаңаөткел ауылы мен Тұрлыбай қыстағынан 22 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 

Арман Смайлов, облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда су деңгейі 10 сантиметрге төмен түскені байқалды. Қауіптің алды алынды. Жағдай толығымен қауіпсіз жағдайға келмегенше, адамдар қауіпсіз жерде болады. 

Ал жобалық сыйымдылығы 264 миллион текше метр болатын Ақкөл көлінде қазір 243 миллион текше метр су жиналып тұр. Көлге секундына 164 текше метр су құйылып жатыр. Ал тасталып жатқан судың мөлшері секундына 120 текше метр. Бұл су Ақкөл ауылының ішімен өтеді. Жергілікті тұрғындар мұндай жағдай соңғы 25 жылда болмаған деп отыр. 

Нұрғазы Серікбаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:

- Су алатын еді мына төңіректі. Аса жақтарын алатын еді. Судың себебі қарқыны деген бұл мен 58-ге келгелі бері мынадай су көрген емеспін. Көрген емеспін шын мәнісінде. Себебі бұл су Теріс-Ащыбұлақтан құйылып жатыр, Билікөлден құйылып жатыр. Қаратаудан, Көкталдан құйылып жатыр. Асадан құйылып жатыр. 

Айтқан жерден аулақ дейік. Егер су бөгетті бұзып кеткен жағдайда, 2000-нан астам халқы бар Ақкөл ауылын су шайып кетуі мүмкін көрінеді. Сондықтан бірінші кезекте бөгетті нығайту жұмыстары қолға алынды. Көлден шыға берістегі ені 6 метрлік бөгет 9 метрге дейін ұлғайтылып, 3 мың тонна тас тасталды. Қазір тәулік бойы кезекшілік қойылып, мамандар бақылауда ұстап отыр. 

Болат Рысмендиев, Талас ауданының әкімі:

- Тез арада шара қолданылып, бүкіл техникаларды жауып, облыс көлемінде ұйымдастырып, осы жұмыстарды алдын ала жасағанның арқасында бүгін аман-есен отырмыз. Сондықтан ешқандай қауіпке, қатерге жол бермеу мақсатында игілікті істер атқарылды. Бұрынғы жиналып қалған сулар келіп жатыр. Енді соған төтеп беруіміз керек. 

Дегенмен тасыған су төмендегі Ақкөл-Түгіскен жолының 41 мен 51-ші шақырым аралығына жеткен. Облыстық маңызы бар жолға 14 бірдей құбыр тасталып, ұзындығы 10 шақырым болатын бөгет салынды. Жалпы бұл жұмыстарға 450-ден астам адам мен 30-ға жуық техника жұмылдырылған. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы