384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы кооператив қымыз бен қаймаққа тапсырысты ғаламтор арқылы қабылдайды

  • 710
  • UPD: 22:31, 28.05.2017

Ақмола облысының Целиноград ауданында ет, сүт және көкөніс өндірушілердің басын біріктірген экологиялық кооператив ашылды. Дайын өнім жинауды бір орталықтан басқару шаруашылықтарға өндіріспен алаңсыз айналысуға мүмкіндік береді. Ал елорда тұрғындары өзіне қажетті ет, сүт, көкөніс өнімдеріне енді онлайн-тапсырыс бере алады.

Жаңа сауылған сүт пен қымыз, балқаймақ тапсырыс берген астаналықтардың үйіне дейін жеткізіліп беріледі. Кез келген өнім кооператив орталығында қайта өңдеуден өтіп, тапсырыс берушіге жылдам әрі сапалы жеткізіледі. 

Болат Сүлейменов, Астана қаласының тұрғыны:

- Егіс алқабында жайқалып өсіп тұрған өнім дастарқанымызға жылдам әрі сапалы жеткізіледі. Тапсырысымыздың келісілген уақыттан кешіккен кезі болған емес.

Екі ауданның 20-дан аса өнімін өндірушілерінің басын біріктірген ауылшаруашылық бірлестігі былтырғы жылы құрылған болатын. Биылғы жылы дайын өнімге деген тапсырыстарды онлайн түрінде орындауды жолға қойды.

Әділжан Нұғманов, кооператив төрағасы:

- Күзден бастап, мезгілдік көкөністерді сатумен айналысамыз. Үнемі нағыз апорт алмасы мен сапалы қарбыз-қауынды іздеумен жүреміз. Біздің талабымыздан шығатын өнім өндіретін шаруашылықтармен тығыз байланыс орнатамыз. Ең басты талабымыз  өнім экологиялық таза болуы тиіс. Алдағы жоспарымыз  өнімді қайта өңдеуді жетілдіру.

Жеке шаруашылығында 500 жылқы мен 300 сиыры бар Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Раушан Қожанова кооперативтің тиімділігін толық түсінген жандардың бірі.  Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал басын көбейтіп, шаруашылыққа қажетті техникасын да алған. Ендігі жерде дайын өнімді нарықта өткізу мәселесі шешіліп отыр. Шаруашылық сүт пен қымызды атадан қалған дәстүрге сүйеніп, бабына келтіріп, қолмен дайындайды. Дайын өнімге тапсырыс берушілер де дән риза. 

Раушан Қожанова, шаруа қожалығының меңгерушісі:

- Шаруашылықтардың кооперативке бірігіп тіршілік етуі өте дұрыс бағыт. Оның үстіне мемлекет тарапынан нақты қолдау жасалады. Нақты бір мысал, малға беретін жем азығының құны 47 теңге болса, оның 20 теңгесін мемлекет субсидия есебінде төлейді, бұл дегеніміз ет өндірудің өзіндік құны әлдеқайда арзан болады деген сөз. Осындай қолдаудың арқасында менің шаруашылығым бәсекеге қабілетті, біз тіпті Ресей мен Белоруссияда өндірілетін өнімдермен бәсекеге түсе аламыз.

Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар кооперативтерге арналған мемлекеттік «Ынтымақ»«Береке»«Ырыс»  бағдарламаларын қолға алуды көздеп отыр. Сонымен бірге «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 6 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы сүтті сиырлар сатып алып, сүт өндірісін  жолға қоймақ. 

Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Сәуле Құсайынова, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы