384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында қайырлаған ресейлік танкерді полиция күзетеді

  • 616
  • UPD: 17:59, 17.06.2017

Маңғыстау облысында теңізге қайырлап қалған Ресей танкері залалсыздандырылады.

Өңір басшысы Ералы Тоғжанов жауапты мамандарды қабылдап, мың тоннаға жуық мұнай қалдықтары сақталған кеменің қоршаған ортаға зардабын жоюды тапсырды. Жұмысқа қажетті техника және құралдармен қамтамасыз ету теңіз шекарашыларына жүктелді. Кеме бортында 900 тоннаға жуық мұнай қалдықтары бар. Тез тұтанғыш материал күнге қызып, жарылуы да мүмкін. Сондай-ақ экстремал-спортшылар танкер палубасынан суға секіріп, суретке түсіруді әдетке айналдырған. Ендігі жерде жағалауда қараусыз қалған су көлігін полицейлер күзетеді. Еске сала кетсек, былтыр күзде «Аракс» кемесі Қарақия ауданында жағаға шығып қалған еді. Биыл сәуір айында Қазақстан-Ресей мамандары бірлесе тергеу жұмыстарын жүргізген. Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңға сәйкес, кеме иесі бір жыл ішінде табылмаса, теңіз порты әкімшілігі сотқа шағымданып, танкерді мемлекет кірісіне өткізе алады.

Нұрбол Ерманов, Ақтау және Баутино теңіз порты әкімшілігінің жетекшісі:

- Бізбен кеме иесінің арасында қайта-қайта қағаз жүзінде хат алмасу жүріп жатыр, кемені тез арада қайраңнан шығарып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде. Алайда кеме иесі бүгінгі таңға дейін ешқандай шара қолданған жоқ.

Маралбек Сейілов, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы: 

- Кеше ғана хаттамалық тапсырма берілді. Бүгін осындай апаттарды болдырмау мақсатындағы арнайы лицензиясы бар мекемелер есептерін алып келеді. Қаржы басқармасы осы есептерге сәйкес қаражат бөліп, жедел арада жұмыстар басталып кетеді.

Хабар 24 телеарнасы