389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Темір жол қызметкерлері марапатталды

  • 825
  • UPD: 21:47, 04.08.2017

Бүгін елордада «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті.

Салтанатты жиында сала еңбеккерлері марапатталып, оларға сый-құрмет көрсетілді.

Бұл отандық көлік саласын дамытып, алысты жақындатып, берекелі тірлікке ұйытқы болған «Қазақстан темір жолы» компаниясының салтанатты шарасы. Төл мейрамды бас қалада атап өтіп, мәртебелі марапаттарын иелену үшін елдің түкпір-түкпірінен майталман мамандар жиылды. Солардың бірі Алтынай Рамбаева. Клиникалық өлімде жатқан 9 айлық сәбиді құтқарып, жарық дүние рахатын қайта сезінткен жолсерікке ерекше құрмет көрсетілді.

Алтынай Рамбаева, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері:

– Осы салада еңбек етіп жатқаныма 17 жыл болды. Беделді ұжымда еңбек етіп жүргеніме қатты қуанамын.

«Қазақстан темір жолы» – бұл елдегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын жетекші компания. Жолаушылар және жүк тасымалын заман талабына сай дамыту үшін кәсіпорын еңбеккерлері талмай тер төгеді. Биылдың өзінде, Астанада әуежай терминалы жаңғыртылып, жаңа вокзал пайдалануға берілді.

Ал жүк және транзиттік тасымалды дамыту арқылы компания еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып келеді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Отандық экономика өсімінің негізін жасап, мемлекетіміздің дамуындағы алып отырған орны ерекше. Біз сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз.

Қанат Алпысбаев, «Қазақстан темір жолы» АҚ Президенті-Басқарма төрағасы:

– Соңғы екі онжылдықта «Қазақстан темір жолы» ауқымды жаңғыру жолынан өтті. Қолданыстағы магистральдар жөнделіп, жаңалары салынды. Салада машина жасау ісі қалыптасып, жылжымалы құрамдар да жаңартылды. Жолаушылар жүрдек пойызбен қатынайтын болды. Төл мереке қарсаңында компанияның 13 қызметкері «Құрметті теміржолшы» атанды. Ал еліміз бойынша 800-ден аса сала өкілі сан түрлі марапаттарға ие болды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы