389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы зауыттар 19 жылда 100 млн бекіре шабағын шығарды

  • 751
  • UPD: 16:54, 05.08.2017

Атырау бекіре зауыты 3,5 млн шоқыр шабағын Жайық өзеніне жіберді.

Мамандардың айтуынша, салмағы 10-15 грамм болатын бағалы теңіз маржандары табиғи ортаға тез үйренуі тиіс. Мұнайлы өңірде 2 зауыт 19 жылда Жайық-Каспий бассейніне 100 млн бағалы бекіре тұқымдас балық шабағын қосыпты.

Атырау бекіре зауытына қарасты 10 тоғанда 3,5 млн бекіре тұқымдасының  шоқыр шабағы өсірілген. Бүгін олар 2 айлық бағымнан соң табиғи өрісіне жіберілді. Одан бұрын арнайы құрылған комиссия мамандарының сүзгісінен өтті. 

Бостан Сүлейменов, ихтиолог, комиссия мүшесі:

- Норматив бойынша 2,5-3 грамм шамасында жіберуге тиіс. Бірақ 8-10 грамм, кейбірі 17-20 грамға жетіп қалады. 4-5 есе нормативтен артық. Бұл шабақтардың өсуіне жақсы қорытынды береді деген ойдамыз.

Балық шабағы түйе төлі секілді аса кінәмшіл келеді. Табиғи орта мен климаттың өзгеруіне де төзе алмайды. Сондықтан уылдырықтан шығып инкубациялық бағымда тұрған шабаққа айрықша күтім керек.

Рашиден Халидуллин, Атырау бекіре зауытының директоры:

- Күннің ыстық болса да, тоғандарға су үнемі жіберіліп тұрды. Судың температурасын қарап отырдық, 25-26 градустан асырған жоқпыз.

Жыл санап балықтардың генетикалық қоры азайып барады. Себебі Жайық-Каспий бассейнінен ірі бекіре тұқымдастарды табу қиын. Амалсыздан зауыттар өздеріне бөлінген лимитті өндірістік кооперативтермен бөліседі. Кооперативтер биыл зауытқа 150 ірі бекіре  балығын тапсырыпты.

Гүлфара Смағұлова, өндірістік кооператив жетекшісі:

- 150 балықтың ішінде 15-і шоқыр, біреуі қортыпа балығы, қалғандарының барлығы бекіре балықтары. Жыл сайын осы зауытпен келісімшартқа отырып, көмегімізді көрсетеміз.

Зауыттарда бекіре балығының 5 түрі өсіріледі. Осы тұқымдас теңіз маржанының генетикалық қорын сақтау қолға алынған. Жылына 7 млн дана шабақ шығаратын 2 шаруашылық мемлекет қолдауымен жұмыс істеп тұр. 

Атыраудағы бекіре шабақтарын өсіретін 2 зауыт іске қосылған 19 жылда Қазақстан 100 млн дана шабақ өсіріп, ортақ теңізге қосты. Егер оның 10%-ы қайтып келді дегеннің өзінде, еліміздің ортақ теңізге қосқан үлесінің артқаны анық.

Авторлары: Атыраудан Арыстанбек Кенже, Темірллан Сұлтанғазиев, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы