386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейлік тележүргізуші Алексей Пивоваров заманауи журналистиканы тілге тиек етті

  • 621
  • UPD: 13:46, 16.09.2017
Ресейлік тележүргізуші Алексей Пивоваров заманауи журналистиканы тілге тиек етті

«Қазмедиа» орталығының концерт залында белігілі журналистер ресейлік Алексей Пивоваров пен түркиялық Зафер Кираздың шеберлік дәрістері жүріп жатыр.

Әлемдік журналистикада өзіндік із қалдырған мамандармен кездесуге бес жылдығын атап өтіп жатқан «Хабар 24» арнасының тілшілерімен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «журналистика және саясаттану» факультетінің студенттері де келді.

Амангелді Сейтханов, тілші:

- Дәрістің екінші кезеңі өтіп жатыр. Енді Алексей Пивоваров дәрісі басталды. Кезінде «НТВ» жаңалықтарын жүргізген, бірнеше авторлық бағдарламалары айтулы конкурстарда жүлде алған маман. «Намеднидегі» «Кровь с молоком» аталған туындысы ТЭФИ 2004-те көзге түсті. Ал дәрісі тартымды секілді. Бүгінгі заманауи телевидение тілге тиек болуда. Осы тұста айта кетеріміз, «Хабар 24» өзінің бесжылдығын осындай тың форматта атап өтуде. Университет студенттері мен тілшілердің басын қосып, мамандарға дәріс оқытып жатыр.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары:

- Бұл отандық журналистикада алғаш рет жасалып отырған ерекше формат десек болады. Өйткені отандық телеарналар өздерінің мерейтойларын думан, шоу түрінде өткізіп жатқанын көргенбіз, білеміз. Бірақ «Хабар 24» отандық медиа кеңістіктегі тұңғыш ақпараттық тәуліктік кәсіби арна ретінде өзінің бесжылдығын осындай түрде өткізу жөн деп санады. Неліктен? Біріншіден, «Хабар 24» ұжымының 90%-ы – жастар, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тілшілер. Олар үшін күнделікті қайнап жатқан ақпарат қазанында кәсіби біліктілікті арттыру журналистикадағы соңғы трендтерді білу – заман талабы. Бір жағынан, бұл – қызметкерлерімізге деген кәсіби сыйлығымыз. Біліктілігін арттыруға берілген мүмкіндік болса, екінші жағынан, біздің агенттікпен тығыз жұмыс істейтін Еуразия Ұлттық университеті немесе Мәскеу мемлекеттік университетінің Астанадағы өкілдігі секілді оқу орындарының студенттеріне жасаған қолдауымыз, көмегіміз десек те болады. Аталған оқу орындарымен арада ынтымақтастық жөнінде келісімшарт бар. Біздің қызметкерлер айына екі рет барып, режиссура, ақпараттық журналистика бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Өйткені олар біздің болашақ әріптестеріміз, потенциалды қызметкерлеріміз. Сол себептен бұл дәріс ерекше формада өтіп жатыр.

«Хабар 24» арнасы жас тілшілерге арнап конкурс жариялады. «Хабар 24» туралы материал жасап, соны ұсынғандарға бәйге бар. Ең мықтысы эфирден өтеді. Екінші орын алғаны интернет парақшадан таратылады. Тәжірибеден өту жағы да қарастырылған.

Хабар 24 телеарнасы