Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 137
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 95
386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жазаға кесілгендерді электронды білезікпен қамту жобасы жеке сектордың қолдауымен жүзеге асырылмақ

  • 551
  • UPD: 21:50, 25.09.2017

Еліміздің Ішкі істер министрлігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жаңа түрмелерді салу ісінен бас тартты.

Себебі бұл міндет қомақты қаражатты қажет етеді. Бірақ есепте тұрған азаматтарды электронды білезікпен қамту жобасы жеке сектордың қолдауымен жүзеге асырылатын болды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Сала басшысы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында сотталған азаматтарды оңалту жұмысына кеңірек тоқталды.

Бұл Қазақстандағы түзету мекемелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі. Жаңылып жаза басқандар уақытын текке өткізбей, ағаш өңдейді, құрылыс материалдары мен тігін бұйымдарын өндіреді. Былтыр еліміз бойынша 274 кәсіпкерге абақты аумағынан арнайы жер бөлініп, сотталған 3 мыңнан астам азамат еңбекпен қамтылды. Олардың ішінде өз ісін ашып, жеке бизнес бастаған 34 жазасын өтеуші де бар.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

– Жазаға кесілгендердің бір бөлігі түзету мекемелерінің шаруашылық-тұрмыстық жұмыстарымен қамтылған. Жалпы қылмыстық-атқару жүйесі бойынша еңбекке қабілетті 68 пайыздан астам адам жалақы төленетін жұмысқа орналасты. Бұл өз кезегінде оларға шығынның орнын толтыру, алименттер, айыппұлдар, отбасына көмек көрсету секілді мәселелерді шешеді.

Осыдан 6 жыл бұрын елдегі түрмелерде 57 мың сотталушы болса, қазір олардың саны 35 мыңға дейін азайған. Яғни істі болғандардың бір бөлігі пробация арқылы бостандыққа шығып, қоғамға пайдасын тигізіп жүр. Қазір осындай 28 мың адам полицияның бақылауында.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

– Пробациялық бақылауда тұрғандарға қатысты электронды мониторингті енгізу жағы ескерілген. Яғни электронды білезіктер пайдаланылады деген сөз. Осы құрылғының көмегімен біз жыл сайын 6 мың адамды бақылап отырамыз.

Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесі халықаралық стандарттардан әлі де болса алшақтау. Бұған дейін бас бостандығынан айырылғандарды жеке камераға орналастыру мәселесі көтерілген еді. Бірақ бұл жоба қымбатқа түсетін болғандықтан, жаңа колониялар салынбайтын болды. Сондықтан Үкімет пробация жүйесін кешенді түрде жүргізіп, жаза басқан жандардың әлеуметтік және материалдық тұрғыда дамуына жағдай жасайды.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстандағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде анасымен бірге 22 бала бар көрінеді. Баланың анасы қылмыскер болғанымен, оның өзінің қандай кінәсі бар? Біз оның конституциялық құқығына нұқсан келтірудеміз. Бала 3 жасқа дейін ештеңе түсінбейді деп ойлау қате пікір. Бала лайықты ортада болуы керек, себебі ол құқықбұзушылық жасаған жоқ.

Депутат Зағипа Балиева балалар құқығы мәселесін көтерсе, Бақытжан Әбдірайым атқарушы орган өкілдерінің мемлекеттік тіл біліктілігін сын садағына алды. Ол өз сөзінде мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға тек орысша жауап берілетініне наразылық білдірді.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақ тіліндегі, яғни мемлекеттік тілде қойылған 12 сұрақтың 11-іне орыс тілінде жауап берілді. Кім жауап берді? Енді біз бұған шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын.

Жауапты министр мен құзырлы орган өкілдері депутаттар сынынан сабақ алып, олқылықтардың орнын толтыратынын айтты. Ал күн тәртібіндегі пробация қызметі жүйелі түрде жалғасын тауып, есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту ісі 2019 жылға дейін жүзеге асырылады деді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы