389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы еріктілер иесіз иттерге арналған орталықты қыс мезгіліне дайындап жатыр

  • 648
  • UPD: 20:12, 14.10.2017

Елордадағы иесіз иттерге арналған орталық та қысқа қамданып жатыр. Күн суытқалы көшеде жүрген қараусыз үй жануарларының жағдайы қиындай бастаған. Мұнымен қоса басым бөлігі азық таппай дала кезіп жүр. Астаналық бір топ ерікті жеті қазынаның біріне баланған иттерге ұдайы қамқорлық көрсетумен келеді. Дегенмен, бәрін бірдей қамтуға қол қысқа.

Елорда тәлімбағындағы ерікті Алёна Шельгорн жеті қазынаға баланған үй жануарларының әр қайсысын атап шақырады. Өйткені орталықта олардың саны өте көп. Алена соған қарамастан, бос уақыт тауып, иттерді тамақтандырады. Ауырса емдеп, жиі серуендетіп тұруға тырысады және бұл қызметі үшін ақы дәметпейді. 

Алёна Шельгорн, ерікті:

- Өз қалтамыздан қаржы жұмсаймыз. Болмаса, бұл іске бей-жай қарамайтын жандардан ақша бөлуді сұрап, азықпен қамтамасыз етуді өтінеміз. Иттерге міндетті түрде екпе жасау керек. Өйткені күшіктер келгеннен кейін олардың денсаулығын қалыпқа келтіру қажет. Мұның барлығына еріктілер ғана өз қаржысын салады.

Мұндағы үй жануарлары орталық мамандарының айрықша қамқорлығын сезінеді. Мәселен, Ворчун атты лабрадор тұқымды мына төбет осыдан 2 ай бұрын ауыр халде болатын. Иесі оның тісін сындырып, аянышты хәлге жеткізген. Қазір мұнда ем-дом жасалып, жағдайы жақсарып қалды. Енді еріктілер оған жаңа қожайын табуды көздеп отыр. Жалпы тәлімбақта иесі үй жануарларына арналған бірнеше үйшік бар. Мұнда ауруы дауасыз немесе ызалы иттер ғана ұйықтатылады. Ал қалғандары жаңа иесін тапқанша қамқорлықта болады.

Бибол Бегалин, «Астана ветқызмет» МКК директорының орынбасары:

- Заң бойынша біз 60 күннен кейін иттерді ұйықтатып, кремациялауымыз қажет. Бірақ маусым айынан бері мұндай шара қолданғанымыз жоқ. Яғни барлық иесіз үй жануары аман және осы орталыққа бейімделіп келеді. Бүгінге дейін орталықта 387 итті асырап, бағып келеміз.

Тәлімбақ қысқа қарқынды әзірлік үстінде. Еріктілер үйшіктерді қымтап, иттерге жайлы жағдай жасауға кірісті. Дегенмен, дәрі-дәрмек, азық және төсеме жеткіліксіз. Жануарлар әлемін қорғаушылар қалалық әкімдікке бірнеше мәрте өтініш білдіріп, көмек сұрағанымен, әлі күнге нақты жауап ала алмай келеді.   

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ернұр Досжанов, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы