378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әбу-Дабиде өтіп жатқан мамандықтар додасына Қазақстаннан 25 адам барды

  • 556
  • UPD: 10:12, 17.10.2017

Әлемдегі ең үздік құрылысшы, елгезек даяшы, епті тігінші және шебер шаштараздар Әбу-Дабиде бас қосып, өзара мықтыны анықтап жатыр.

Жұмысшы мамандықтар арасындағы дүниежүзілік додаға биыл 1 мың 300-ден астам қатысушы келді. Олардың арасында біздің жерлестеріміз де бар. Ондаған мамандық түрі, жүздеген қатысушы және мыңдаған шаршы метрлік жарыс алаңы. Әбу-Даби биылғы әлем чемпионтына ерекше дайындалған. Өйткені қазіргі таңда білікті жұмысшы мамандарға сұраныс өте жоғары. Ал олардың арасындағы нағыз шеберлерді анықтау үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Қазақстан атынан осы додаға 25 адам қатысып жатыр.

Данагүл Байғұлынова, Қазақстан құрамасының техникалық жетекшісі:

– Біз бұл жерге осыдан бір апта бұрын келіп, дайындық жұмыстарын бастадық. Жерлестеріміздің физикалық та, психологиялық та дайындығы жақсы. Сондықтан берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды деген үміттеміз.

Қазақстан құрамасы биылғы додаға расымен де жақсы дайындалған. Алдымен ішкі республикалық чемпионат ұйымдастырылып, үздіктер іріктелді. Кейін олар арнайы мамандар жетекшілігімен бірнеше ай жаттығу жасады. Ал енді соның жемісін көрер уақыт келді.

Еркебұлан Сұлтанғалиев, Қазақстан құрамасының мүшесі:

– Мен үшін ең бастысы – тәжірибе жинақтау. Ал екінші кезекте үздік орынды еншілеу мақсаты тұр. Бастысы Қазақстанға озық тәжірибелерді әкеліп, студенттерді үйретіп, Қазақстанда инженер графика бағытында шеберлерді дайындау керек.

Әлем чемпионаты деп атының өзі айтып тұрғандай, бұл дода спорттық аренадағы жаһандық жарыстардан кем түспейді. 51 мамандық бойынша қызу жарыс басталды. Студенттер белгілі бір уақыт аралығында берілген тапсырманы орындап, 77 елден келген төрешілердің көңілінен шығуы керек.

Бұл чемпионаттың тағы бір ерекшелігі, бағдарламасындағы мамандықтар заман талабына сай өзгеріп тұрады. Яғни қолданыстан кетіп бара жатқан қызмет түрлері автоматты түрде алынып тасталады да, оның орнына жаппай қолданылып жатқан жаңа түрлері келеді. Оның ішінде визуалды мерчендайзинг немесе робот құрастыру сияқты тың жобалар бар және ең бастысы аталған мамандықтар бойынша біздің жерлестеріміз де қатысып жатыр. Жай қатысып жатқан жоқ, фавориттер тізімінде. Жарыс қорытындысы 19 қазанда белгілі болады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы