389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында келер жылы 12 денсаулық сақтау нысаны салынады

  • 565
  • UPD: 18:20, 29.11.2017

Жуалы ауданындағы шалғай елді мекендердің тұрғындарына қыс айларында қиын.

Ақтүтек боран жолдарды жауып, қатынас үзілген шақта аудан орталығына жету мұңға айналады. Жаңа дәрігерлік амбулаториялар осыны ескере отырып салынған.

Садық Тоқбергенов, Қарасаз ауылының тұрғыны:

– Мысалы, қанның анализін бұрын ауданға барып, сағат сегізде тапсыратынбыз. Оның үстіне кезекте тұрасың. Қазір барлығын осы жерден өткіземіз. Енді халық бұрынғыдай аудан орталығына шапқыламайды. Барлығы осы жерге қаралады.

Қалдан Назар, Нұрлыкент ауылының тұрғыны:

– Жас нәрестелер мен аяғы ауыр келіншектерге және жасы ұлғайған кісілерге өте қолайлы болды. Ауданға немесе басқа жаққа барып, әуре болмайды. Ауылда тәуліктің кез келген уақытында келіп, көріне алады.

Медициналық қос ғимарат типтік жобамен бой көтерген. Шағын болса да, заман талабына сай. Қажетті құрал-жабдықтар, түрлі анализдерді жасайтын зертхана, хирургиялық, акушерлік жиынтықтар және кардиологиялық көмек көрсету құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал мамандар жоғары білікті. Биыл 13 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа қабылданды.

Нұрбай Ергебеков, Жуалы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Ең маңыздысы, кадр мәселесі шешіліп тұр. Қанша жабдықталса да, сол жабдықта істейтін маман болуы керек. Биылғы жылдың өзінде біздің ауданға 15 дәрігер жұмысқа қабылданды. Соның он үші – жаңадан келген жас мамандар. Барлығы периферия. Шалғай аудандардағы елді мекендер түгел қамтылды. Бұл бірнеше жыл бұрын келе жатқан проблема еді.

Жалпы ауданда биыл медициналық құрал-жабдықтар алуға 100 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Сонымен қатар үш дана санитарлық автокөлік алынып, түпкірдегі ауылдарға берілді. Айта кету керек, облыста үстіміздегі жылы 12 денсаулық сақтау нысандарын салу жоспарланған. Он бірінің құрылысы аяқталды. Бір медициналық пункттің құрылысы жыл соңына дейін бітеді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы