389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының Көктал ауылында жаңа мектеп ашылды

  • 654
  • UPD: 19:36, 29.11.2017

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл игі іске ауыл азаматтары да бір кісідей атсалысты.

Балалардың сапалы білім алуы үшін оқу ордасы барлық қажетті құрал-жабдықпен жарақталған.

Көктал ауылының балалары осы күнге дейін жарты ғасыр бұрын салынған мектепте оқып келді. Саманнан тұрғызылған білім ордасының әдбен тозығы жеткендіктен, былтыр апатты жағдайда деп танылған болатын. Сондықтан ауылда жаңа мектептің бой көтеруі көкталдықтар үшін ерекше оқиға болды.

Стахан Еленов, ардагер ұстаз:

– Бұл киелі де, қасиетті Көктал еліне үлкен ескерткіш, үлкен қуаныш болды. Әр ауылды сақтап қалу үшін біріншіден мектеп салу керек. Себебі халық балаларын оқыту керек. Олар біздің келешегіміз, оларға білім қажет.

Жергілікті шаруалар мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 5 миллион теңге жинап берген. Ал жалпы екі қабатты ғимарат құрылысына 260 миллион тенге жұмсалған. Қазір мұнда 144 ауыл баласы білім алып жатыр.

Робототехника құрастыру, мультимедиялық лингофон кабинеттері, спортзал, шеберхана бәрі бүгінгі заман талабына сай. Ал ұстаздар қауымы биыл жас мамандармен толыққан.

Әйгерім Әміржанова, физика-математика пәнінің мұғалімі:

Мен осы ауылдың тумасымын. Осы мектепте 11 жыл бойы оқығанмын. Сондықтан жастарды ауылға шақырамын. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.

Аймақта келер жылы да бірнеше білім беру нысандары салынады. Қостанайдың өзінде үш ауысымдылықты жою үшін екі мектептің құрылысы басталады.

Бәтима Даумова, облыстық білім басқармасының басшысы:

Алдағы жылдары Қарабалық, Қарасу, Аманкелді аудандарында, Әулиекөл ауданының Аманқарағай кентінде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер салу жоспарланып отыр. Және олар 300-ден астам оқушыға есептелген ауқымды, толық жабдықталған білім ордалары болады.

Ал көкталдықтар ескі мектепті де қараусыз қалдырмайтындарын айтады. Оны жөндеп, балабақшаға айналдырсақ деген ойлары бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы