384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тарбағатайлық түйешілер әулеті атакәсіпті жалғастырып келеді

  • 758
  • UPD: 22:15, 10.12.2017

Тарбағатайлық түйешілер Тапановтар отбасы өңірге етене танымал әулет.

Атадан балаға мирас болған кәсіпті бүгінде Данияр мен оның ұлы Сұлтан жалғастырып келеді. Өткен жазда бір жарым тонна шұбат өндірген шаруашылық болашақта шипалы сусын өңдейтін цех ашуды жоспарлап жүр. Іскер азаматтарға жергілікті әкімдік те жан-жақты қолдау жасауға дайын.

Түйені тізгіндеп мінген 15 жастағы Сұлтан – арғы атасы Тапанның бесінші ұрпағы. Бабасы сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдары осы өңірде ойсыл қара тұқымын алғаш өркендеткен екен. Қағілез бала әке айтқандарын екі етпей орындайды. Сабақтан бос уақытында шаруашылық жаққа асығады.

Сұлтан Даниярұлы, 9-сынып оқушысы:

- Түйе – киелі мал ғой. Білген адам ғана бағады оны, жай адамдар бақпайды. Ата-бабадан келе жатқан соң, әкем айтады: «Аталарымыз баққан, сен де бақ», – деп. Үйретеді маған. Түйені жылда қарайтын адам ғана қарамаса, түйе қызғанады. Басқа түйе көрмеген кісілер ботаға таңғалып, көз тиеді. Содан кейін бота өліп қалады. Төл ала алмай қаламыз. Мініске жақсы, аттан жүйрік болады.

Арада біраз кідіріс салып, атакәсіп қайта жандана бастады. Бұрын полицияда қызмет атқарған Данияр осыдан 3 жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 6 млн теңге несие алып, бел шеше кіріскен бұл іске. 5 түйе сатып алып, қора-қопсы салады. Қазір мал басы көбейіп, тасы өрге домалап келеді. Шаруашылықта 5 адам еңбек етеді.

Данияр Тапанов, шаруашылық жетекшісі:

- «Қымыран» дейді сүті ашымағаны, ашытқанын «шұбат» дейміз. Сұраныс көп болды. 3-4 айдың ішінде бір жарым тоннаға жуық өндірдік. кезінде менің әкем осы жерде 300 түйеге дейін баққан. Мен де 300 болмаса да, 100 басқа дейін жеткізсем деп ойлаймын.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

- Түйенің шұбатын өңдейтін цех қою жөнінде қазір жұмыс жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы жүзеге асырамыз ба деп отырмыз. Ол болады, себебі түйенің емдік қасиеті үлкен. Үйімнен келіп әкетіп жатыр. Бір апта бұрын тапсырыс беріп қояды дейді, қандай жақсы нәрсе. Сол себептен мұны дамытамыз ба деп отырмыз.

Қазір Данияр түйеден өзге, қой, сиыр, жылқы да ұстап шаруашылығын шалқытып, төрт түлігі сай болып отырған жайы бар. Ал Сұлтан каникулда әкесінің қасынан шықпайды. Алдағы биік асуларға бірлесіп шықпақ ниетте.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы