387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабай аудандық көп салалы ауруханасы күрделі жөндеуден өтті

  • 644
  • UPD: 11:52, 26.12.2017

Ақмола облысындағы Бурабай аудандық көп салалы аурухана күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта ашылды.

Емдеу мекемесінің ғимараты мемлекет пен жекеменшік əріптестігі аясында 900 млн теңгеге бастан аяқ қалпына келтірілген.

200 орынға шақталған аурухана аталған бағдарлама бойынша 30 жылға жекенің сенімді басқаруына беріліп отыр. Бірақ мұнда мемлекеттік мекемедегідей халыққа тегін медициналық қызмет көрсетіледі.

Су жаңа нысанда емделіп жатқан жергілікті тұрғындар мұндай өзгеріске дəн риза. Мәселен, Атамекен ауылының тұрғыны Күләш Қазыбаева –  ауруханаға жиі келетіндердің бірі. Әжей 20 жылдан астам уақыт қант диабетімен ауырады. Айтуынша, жаңа аурухананы бұрынғы ескі ғимаратпен мүлдем салыстыруға келмейді.

Күләш Қазыбаева, Атамекен ауылының тұрғыны:

Осы жолы келгенімде давлением 230 болды, қантым 21 болды. Мені кеше коляскамен әкелді. Есімді жиып, тіпті танымадым. Нансаңыздар да, нанбасаңыздар да. Мен енді бірінші рет осы ремонттан кейін. Жаңадан ашылды ғой. Қазір бәрі, мына төсек те бұрынғыдай емес. Бұрын темір койкалар болды.

Қазір ауруханадағы барлық бөлімшелер жұмыс істеп тұр. Бұрын дертіне шипа іздеп, Көкшетауға немесе Астанаға сабылатын науқастар бүгінде осында емделіп жатыр. «Әсіресе, перзентханамызға келушілер көбейді», – дейді дәрігерлер. Айталық, перинаталдық бөлім іске қосылғалы бері бір айға жуық уақыттың ішінде 90 сәби дүниеге келген.  

Анар Шаймұратова, Щучинск қаласының тұрғыны:

– Бұрын әрине, мұндай жағдайлар болған жоқ. Қазір бәрі жоғары деңгейде. Күтім, тамақ, ем-дом бәрі көңілімізден шықты. Міне, қызымды аман-есен босанып, үйге шығып барамыз.

Бибігүл Мырзабекова, аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Бұрынғы жұмыс орындары түгелдей сақталынды. Мамандар осы больницада жұмыс істеп жатыр. Қосымша да жұмыс орындары ашылды. Алдағы жоспарларымыз өте көп. Материалдық базаны үлкейту. Сосын шетелден мамандарды әкеліп, осы жақта үлкен мастер-класстар өткізу біздің дәрігерлерге.

Мұнда Бурабайдан бөлек, көрші Бұланды және Біржан сал аудандарының тұрғындарына да гинекология-акушерлік, травмотология және жұқпалы аурулар бойынша қызмет көрсетіледі. Келешекте аудандық емханаға да инвесторлардың көмегімен күрделі жөндеу жүргізілмек.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Алдағы уақытта аталған ауруханаға құны 1 млрд теңгеден асатын томограф секілді бірнеше заманауи қондырғы әкелу жоспарланып отыр. Ал бірнеше жылдан кейін мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында аудандық емхана да жекенің басқаруына өтпек.

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный

Хабар 24 телеарнасы