389,91 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2017 жылы Ақмола облысында ірі зауыттар мен тұрғын үйлер салынды

  • 845
  • UPD: 13:42, 07.01.2018

2017 жылы Ақмола облысының экономикасына 250 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, өндірістік нысандардың құрылысына қан жүрді.

Мәселен өңірде 141 млрд теңгенің 100 инвестициялық жобасы толық іске қосылып, нәтижесінде 2 жарым мыңнан астам адам тұрақты жұмыс тапты. Тұрғын үй құрылысында да қарқын байқалады.

Жаңадан ашылған кәсіпорындардың ішіндегі ең ірілерінің бірі – Еңбекшілдер ауданындағы цемент зауыты. Өндірісте 600 адам еңбек етеді. Жылына 2 млн тонна цемент шығара алады. Ал Степногорск қаласының маңындағы «Қазақалтын» кәсіпорнына тиесілі 3 бірдей кен өңдеу фабрикаларында 700-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Мұнда жылына бас-аяғы 7 млн тонна кен терең өңделеді.

Александр Загребин, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:

– 2018 жылы да осы қарқын сақталады. Бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Мәселен, Бұланды ауданындағы ірі құс фабрикасы осы жылдың соңына қарай өз жұмысын бастайды. Зеренді ауданында да кен өңдеу комбинаты іске қосылады.

2017 жылы аймақта жалпы аумағы 418 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, осылайша бас-аяғы 3 жарым мыңға жуық отбасы үйлі болған. Үйлердің барлығы дерлік «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламалары арқылы тұрғызылған. Сондай-ақ 2017 жылы 10 шақты ауылға ауызсу тартылды. 

Марат Әубәкіров, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

– Облыста 7 ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылды. Ал бұрын суды сырттан тасып ішкен тағы 4 ауылға су тартылды. Осылайша, өңірде 216 шақырым су құбыры салынды. Алдағы жылдары тіршілік нәрі тағы бірнеше елді мекенге жеткізіледі.  

Жалпы аймақтың құрылыс саласына өткен жылы ел қазынасынан 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Осылайша, тұрғын үй құрылысы кенжелеп қалған алыс аудандарда да баспана тұрғызу күшейе бастаған. 

Дамир Берікұлы, тілші:

– «2018 жылғы жоспар да осы көрсеткіштерден кем болмайды», дейді, мамандар. Бір ғана Көкшетау қаласының өзінде 20 үй тұрғызу жоспарланған. Ал облыс бойынша 380 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Тұрғын үй құрылысы әсіресе, Атбасар, Целиноград және Ақкөл аудандарында қарқын алады деген болжам бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы