376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған қос күдікті ұсталды

  • 686
  • UPD: 13:28, 19.01.2018
Оралда такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған қос күдікті ұсталды Юг Сибири

Зардап шеккен жүргізуші кешкілік уақытта қаладағы радио таксилердің бірінің диспетчерінің хабарлауы бойынша «ет комбинаты» ауданына келген.

Көлікке отырған екеудің өзара әрекеті бірден күдік туғызғанына қарамастан, белгіленген мекенжайға жеткізеді. Бірақ жолаушылар түсіп қалуға асықпайды. Танысының үйінен бір нәрселер алып шығамыз деген желеумен көшенің өзен жақ бетіндегі қалтарысқа қарай жүруін өтінеді. Көлік тоқтаған мезетте күдіктілердің бірі жүргізушіні қауіпсіздік белдігімен қылқындыруға кіріседі. Екіншісі де қарап қалмай, тапаншаға ұқсас затпен басынан ұра бастайды.

Қос қарақшының қолынан босанып шығуға әрекеттенген жүргізуші жан-дәрмен алысқан күйі алдыңғы терезені тепкілейді. Кейін күдіктілер ақша мен ұялы телефонын тартып алып, қаша жөнелген. Соңынан қуа түскен жүргізушіге тапанша кезенген екеу сөйтіп бой тасалайды.

Соңынан тапаншаның ойыншық екендігі анықталды. Дегенмен «Қауіпсіз аула» жүйесінің көмегімен қылмыс жасағандардың кімдер екендігі көп ұзамай-ақ анықталды. Орал қалалық жергілікті полиция қызметі мен криминалдық полицияның бірлескен жедел іс-қимылының нәтижесінде бұрын бірнеше мәрте сотталған, ұрлық пен қарақшылық әрекеттері үшін есепте тұрған 29 және 35 жастағы қос күдікті бірден қолға түсті. Жеңіл жолмен пайда тауып, жүргізушінің өміріне қауіп төндірген екеу қамауға алынып, тергеу амалдары басталды.

Автор: Талғат Серікқалиұлы

 

Хабар 24 телеарнасы