384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде алғаш рет пастерленген түйе сүті шығарыла бастады

  • 941
  • UPD: 09:51, 22.01.2018

Маңғыстау облысындағы Сайын Шапағатов ауылында тәулігіне 8 мың литр сүтті өңдеп, табиғи қалпында халыққа ұсынатын зауыт ашылды. Кәсіпорын сондай-ақ түйе сүтінен шұбат, тәтті сүзбе, ірімшік пен балқаймақ сияқты 40 түрлі өнім өндіреді.

Жаңа ашылған зауыт өніміне көрші Ресейден сұраныс көптеп түсіп жатыр. Енді алдағы айдан бастап елімізде өндірілген түйе сүті Ресей нарығына жол тартады. «Себебі сиырға қарағанда түйе сүтінің емдік қасиеті мол, құрамында қатерлі ісікке қарсы тұратын түрлі дәрумендер бар», – дейді мамандар.

Асхатжан Ыбырай, зауыт директоры:

– Елімізде түйенің сүтін өңдеп, шұбат шығаратын кәсіпорындар болғанымен, олар түйе сүтін табиғи күйде ұсынбайды екен. Ал бүгінде әлем елдері мың бір дертке шипа деп осы түйе сүтін тұтынуға көшіп жатыр. Сондықтан да ағарғанның осы түріне басымдық беріп отырмыз. Қазір өнімдеріміз өңірдегі сауда нүктелерінде сатылып жатыр. Алдағы наурыз айынан бастап Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына жібереміз.

Жобаны жүзеге асыруға 600 миллион теңге жұмсалыпты. Зауыт озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Өнімнің сапасын тексеретін арнайы зертхана да іске қосылды. 35 тұрғын тұрақты жұмысқа қабылданды. Мамандар жаңа технологияны меңгеру үшін алдын ала оқып, қайта даярлықтан өткен.

Замира Бектұрғанова, зауыт операторы:

– Мен осы зауытқа жақында жұмысқа кірдім. Заводымыз барлығы автоматтандырылған. Мен соы жерде оператор болып жұмыс жасаймын. Мына аппараттың көмегімен түйенің сүтінен йогурт, айран, сметана бәрін шығарамыз осы жерде.

Түйе сүтін өндіретін кәсіпорынның ашылуы Маңғыстауда ойсыл қара тұқымын көбейтіп, түйе шаруашылығын дамытуға да жаңа серпін бермек. Ең бастысы, малының сүтін қайда өткізерін білмей, әбден қиналған шаруалардың мәселесі шешілді. Қазір өңірдің 25 елді мекенінде түйе сүтін қабылдайтын бөлімше ашылды. Мамандар сүтті тексеріп, қабылдап алған соң, арнайы сүт таситын көліктермен тікелей зауытта жеткізеді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

 

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы