383,35 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан әуе паркі 9 ұшақпен толығады

  • 604
Қазақстан әуе паркі 9 ұшақпен толығады

7 млн 400 мың жолаушы.

Бұл өткен жылы  әуе тасымалдаушылар қызметін пайдаланған қазақстандықтардың саны. 2016 жылмен салыстырғанда 23 пайыздық өсім байқалады. Әрине, ЭКСПО көрмесі де жолаушылар санының артуына айтарлықтай әсер етті. Осы тарапта азаматтық авиацияның аяқ алысына үңіліп көрейік.

Қазақстан әуе паркі 9 ұшақпен толығады. Boeing әуе кемелеріне бірер күн бұрын тапсырыс берілген. Елбасының АҚШ-қа сапары барысында 1,5 млрд  доллардың келісімшарты жасалды. Ұшақтар санының артуы – елімізде қалыпты құбылыс. Соңғы ақпар бойынша, 913 ұшақ мемлекет тізіміне алынған. Әсіресе шағын авиацияның қарқыны жақсы. Шағын ұшақтар жолаушыларды ел ішінде тасымалдауға көптеп қолданыла бастаған.

Талғат Ластаев, ҚР ИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Кішкентай ұшақтарды алуға тырысып жатырмыз. 20 жолаушы сиятын ұшақтар. Биылғы жылдың аяғына дейін 20 ұшақ әкеліп, Қазақстанда тіркеп, әрі қарай сол ұшақ арқылы облыс араларында, ішкі рейстерде туристік жерлерде сондай рейстерді ұйымдастыру жоспарда бар.

Ел ішіндегі жолаушылар тасымалы дедік. Енді транзитке тоқталсақ. Соңғы 7 жылда Қазақстан арқылы өтетін жолаушылар саны 20 есеге артыпты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 600 мың адамға жеткен.

Питер Фостер, «Air Аstana» әуе компаниясының президенті:

- «Air Аstana» бойынша айтар болсам, 4 жыл бұрын транзиттік жолаушылар саны мардымсыз еді. Біз үшін Қазақстан арқылы қатынайтын Қытай мен Үндістан азаматтарының маңызы зор. Осы орайда биыл біз транзиттік жолалушылар санын 800 мың адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін жолаушылар ағынын 1 млн 600 мың адамға жеткіземіз. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Одан басқа Қазақстандағы авиация жұмыстары 35 пайызға өсіп, әуе арқылы жүк тасымалдау көрсеткіші екі есеге артуы тиіс.

Сандарға көз жүгірттік. Енді ИКАО стандарты жайлы. Авиациялық қауіпсіздікті тексеретін комиссияның 480 талабы бар. 9 жыл бұрын бұл тізім екі есе аз еді. Ендеше әуе тасымалдаушылар жіті бақылауға алынғанын аңғаруға болады. Қазір отандық әуе компаниялары ИКАО талаптарының 74 пайызына сай.

Алдағы меже осы көрсеткішті 80 пайызға жеткізу. Тек сонда барып біз үздік 50 әуе тасымалдаушы қатарына енеміз. Ендеше азаматтық авиацияны тиімді басқару үшін британдық модельді енгізу қажет. Бұл әлемдегі бірегей басқару тәсілі. Мұнда ұшу қауіпсіздігі мен оны қадағалау мемлекеттік корпорацияның құзырына берілген. Ал ИКАО комиссиясы жүргізген биылғы тексерістің нәтижесі 1 ақпан күні белгілі болады.

Авторлары: Жамбыл Зейнолла, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы