386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанадағы форумға қатысушылар инновациялық ізденістегі тәжірибелерін ортаға салды

  • 527
  • UPD: 22:44, 26.01.2018

Елорда - елдің инновациялық орталығы. Бұл туралы бас қалада «Астана - даму мен инновацияның 20 жылы» тақырыбында өткен форумда айтылды. Алқалы жиынға қатысушылар «Смарт сити» тұжырымдамасына сай инновациялық ізденістерін жариялап, толымды тәжірибелерін ортаға салды.

Астананы Таяу Шығыстың Дубайы, Оңтүстік Шығыс Азияның Сингапуры секілді өз аймағының үлгілі қаласына айналдыру. Бұл бүгін "Нұр Отан" партиясы мен жергілікті билік өкілдерінің және бизнес қауымдастықтың басқосуында көтерілген негізгі бастама. "Астана - даму мен инновацияның 20 жылы" атты форум бас қаланың даму мүмкіндіктерін саралап, қай бағытта қандай жұмыс істеу қажеттігін айғақтап берді.

Әсет Исекешев, қала әкімі:

- Республикалық қазынаға түсетін қаржы көлемі жыл сайын артып, 1997 жылғы 13 миллиардтан 1 триллион теңгеге жетті. Бұған қоса, 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени әрі қоғамдық маңыздағы нысандар салынды. Бұл үрдіс одан әрі жалғасатын болады. Енді Елбасы тапсырмасына сай Астананы Еуразия құрылығындағы ең үздік қалалардың қатарына қосу міндеті тұр.

Бас қаланың өткені мен бүгіні жер мен көктей. 20 жылдың бедерінде жалпы өңірлік өнім 190 есе артып, бюджеттік түсім миллиардтап ұлғайған. 1 мың 265 тұрғын үй пайдалануға беріліп, қала халқы миллионнан асып жығылды. Соңғы 5 жылдың өзінде, елорданың әлеуеті өсіп, тағы 300 мың адамды қоныстандыру мүмкіндігі артты. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Тәуелсіздік жылдары біз ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғадық. Егер шындығын айтар болсақ, Елбасының ғажайып жобасымен дүниеге келген елордамыз Астана 20 жыл бойы ең басты ұлттық идея ретінде халқымызды өркениет биігіне бастап келеді. Астана елдегі бүкіл инновациялық жобалардың, жаңғыру, жаңару идеяларының орталығына айналды. Сондықтан еліміздің барлық өңірлері Астанаға қарап бой түзеуі керек деп есептеймін.

Елорданың инновациялық тұрғыда жеткен жетістіктері көп. Білім, денсаулық сақтау, жолаушылар тасымалы мен қауіпсіздік саласында 100 шақты стартап жоба жүзеге асырылған. Жаңадан қолға алынған инновациялық ізденістер де жетіп артылады.

Қанат Байғарин, Назарбаев университеті президентінің орынбасары:

- Денсаулық сақтау саласында Назарбаев университеті жүрекке операция жасауға арналған қондырғы жасап шығарды. Бұл құралды елордалық дәрігерлер сәтті қолданып келеді. Сондай-ақ Еуропада оған сұраныс жоғары. Жалпы Астананы инновациялық жағынан жаңғырту біздің де басты міндетіміз.

Қаланың дамуында шағын және орта кәсіпкерлік саласының үлесі мол. Кәсіп ашып, бизнес бастаймын деушілерге мұнда жан-жақты көмек қарастырылған. Ол үшін бірқатар жергілікті бағдарламалар да жүзеге асырылып келеді. Айта кетейік, былтыр бас қалада инновациялық тұрғыда ілкімді 141 жобаға қайтарымсыз қаржы берілген.

Нұржан Әшімов, қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:

- Жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті бастау рейтингі бойынша Астана бірінші орын алды. Болашақ кәсіпкерлерді қолдаймыз. Оларға қайтарымсыз 3 миллион теңгеге дейін көмек беріледі. Және жастарға арналған бағдарлама бар. 

Елорда - елдің келбеті. Соңғы 20 жылда көркі көз тартарлық, зәулім ғимараттар, маңызды әлеуметтік нысандар көптеп бой көтерді. Бас шаһар қазір өзге өңірлер үшін үлгі. Облыс орталықтары мен қалалық мекендер де Астанаға қарап бой түзеп келеді.   

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы