387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбені «ақылды қалаға» айналдыру үшін ортақ база құрылды

  • 734
  • UPD: 10:09, 28.01.2018

Ақтөбе «ақылды қалаға» айналады.

Елбасы биылғы Жолдауында «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деп ерекше назар аударған болатын. Бұл орайда Ақтөбеде заманауи жүйе сәтті іске асырыла бастады. Өңір атқамінерлері Жолдау жүктеген міндеттерді тағы бір пысықтап, алда атқарылар жұмыс жоспарын жасады. Облыс активіне қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар бірлестіктерінің мүшелері мен кәсіпкерлер де қатысты.

Ақтөбені «ақылды қалаға» айналдыру үшін ортақ база құрылып, арнайы портал іске қосылды. Алдағы уақытта портал арқылы 102 қызмет электронды түрде көрсетіледі. «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асатын «Ел айна» жобасы 2020 жылға дейін есептелген. Жүйе толық іске қосылған кезде қала тұрғындары барлық қажетті ақпаратты smart-қосымшалар арқылы жедел алатын болады. Одан бөлек көшелерде, қоғамдық көліктерде бейнебақылау камералары орнатылады. Қазірдің өзінде 40 автобуста камера бар.

Нұрлан Күнтуов, қала әкімі аппаратының жетекшісі:

– Мысалға, «ақылды көлік» мәселесіне келер болсақ, қазіргі таңда «Ақтөбе Бас» деп аталатын жаңа бағдарламалық жүйе іске асырылды. Ол арқылы сіз өзіңіздің телефоныңызға бағдарламаны жүктеп аласыз, және де сол бағдарлама арқылы қаладағы қоғамдық көліктердің қай жерде, қандай автобустың жүріп жатқанын, қандай аялдамаға тоқтайтыны туралы толық ақпарат ала аласыз.

Елбасы өз Жолдауында «ақылды технологиялардың» агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Ақтөбе облысының Алға ауданындағы ең ірі мал шаруашылығы кешені мен ет комбинаты заманауи жүйені енгізе бастады. Кешенде 8000-нан астам асылтұқымды ірі қара бар. Комбинатта бір сағатта 15 ірі қара сойылады. Өңделген еттің 40-тан астам түрі дайындалады.

Нұрлан Сағыналин, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Алдағы жоспарымыз – автоматты жүйемен қозғалатын арнайы техникалар сатып алу. Яғни тракторды GPS жүйесімен басқаруға болады. Тұқымды себу, гербицидтермен улау сияқты жұмыстар компьютердің көмегімен іске асады. Мұның бәрі астықтың түсімі мен сапасын арттырады деп ойлаймын.

Елбасы технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін беретін 10 міндетті айқындап, нақты атқарылар жұмыстарды көрсетіп берді. Оның ішінде жаңғыру негізі адами капитал екеніне ерекше тоқталды.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалуы адами капиталға байланысты. Яғни қазақстандықтардың біліміне, денсаулығына, қабілетіне, тәртібіне байланысты. Бұл жөнінде де берілген тапсырма бар. Әсіресе мына білім беру саласында. Міндетіміз2020 жылға дейін барлық балаларды балабақшамен қамтамасыз етуіміз керек. Ол қазіргі таңда 94 пайыз. Биыл біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі балабақшаларды салуды жалғастыруымыз керек.

Жалпы Президент Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында өңірде бірнеше ақпараттық топ құрылды. Олар ауыл-елді аралап, 325 кездесу ұйымдастырды.

 

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы