387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артты

  • 1712
  • UPD: 19:08, 02.02.2018

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жобасы сынақ түрінде ең әуелі еліміздің 4 облысында жүзеге асады.

Соның бірі – Қарағанды өңірі. Аймақта бірнеше жоба қолға алынды. Енді соның нәтижесінде дәрігерлер қағазбастылықтан арылып, науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артпақ.

Аймақтағы қолға алынған алғашқы жобаның бірі – дағдарыс орталығы. Қазір облыстағы емдеу мекемелерінің басым бөлігі осы ақылды жүйеге қосылған. Мәселен, шалғай ауылда бір адам қатты сырқаттанып қалса, оған білікті дәрігерлер қалада отырып, қашықтықтан көмек бере алады. Яғни сырқаттың диагнозы ғаламтор арқылы бірден орталыққа түседі де, дәрігерлер қандай екпе жасау қажеттігі жөнінде жедел шешім қабылдайды.

Асқар Қарашаш, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– 2016 жылы біз инсульт алған 7 адамға көмек көрсетсек, былтыр 55 адамға алғашқы жәрдем бердік. Демек орталық жүйеге қосылып жатқан емдеу мекемелерінің саны жыл сайын артып келеді.

Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір жаңалық, таяуда облыста «Даму мед» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қазірдің өзінде оған 50 мың адам тіркелген. Қосымшаның мүмкіндігі мол.

Гүлнар Түйтебаева, №1 емхана дәрігері:

– Дәрігерлік қабылдауға, жазылуға, дәрігерді үйге шақыруға, одан кейін пациенттер өздерінің сырқаттық парақшаларын, зертхананың анықтамаларын, дәрігердің тағайындаған ем-шарасын, рецептерді алуға болады. Осы бағдарлама арқылы пациенттер уақыттарын үнемдейді және ол кез келген уақытта қолжетімді.

Әйгерім Мұсаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Бағдарлама дәрігерге жазылуға өте қолайлы. Емханаға телефон шалмай-ақ, смартфон арқылы жазылуға болады.

Жуырда жедел-жәрдем қызметін жетілдіру үшін автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізілді. Әр көлікке орнатылған GPS қондырғысы бригаданың науқасқа қанша уақытта жеткенін, қандай көмек көрсеткенін бақылап отыруға мүмкіндік бермек. Сала басшыларының айтуынша, 2019 жылдан бастап денсаулық сақтау саласы 100 пайыз цифрлық жүйеге көшпек. Бұл қағаздан бас көтермейтін дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, медициналық қызмет сапасын арттырады. Айталық, алдағы екі жылда ауыл-аймақтағы 35 емдеу мекемесіне ғаламтор желісі тартылатын болады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы