389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да кооперативтер саны артып келеді

  • 1015
  • UPD: 23:38, 18.02.2018

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығы кооперативтері көбейіп келеді.

Ұсақ қожалықтар Үкіметтің осы бағыттағы жеңілдіктерін пайдалану үшін бірігуге ынталы. Мал бордақылау алаңдарының саны да артуда. Қазір олардың қатары 600-ден асса, алдағы бірнеше жылда 4 мыңға жеткізу көзделіп отыр. «Мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндірудің арқасы» деп есептейді атқарушы билік өкілдері.

Елбасы биылғы жолдауында ауыл шаруашылығы құрылымдарының кооперативтерге бірігіп жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар отандық өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығына да жете мән беру туралы айтылды. Бұл ретте еліміздің шығысындағы Тарбағатай ауданында атқарылып жатқан шаруалар орасан зор. Қазір мұнда мал басын көбейту ғана емес, оны асылдандыру бағытында көптеген жобалар жүзеге асуда.

Ақсуаттық фермер Қуат Әрінов бұған дейін асылтұқымды ірі қара өсірумен шұғылданып келген. Енді бұған қосымша бордақы алаңын салуды қолға алыпты. Әзірге қорада 70 бас тұр. Семіртілген малды Семей, Алматы қалаларына өткізеді. Бірнеше адамға қосымша жұмыс орындары да ашылған.

Қуат Әрінов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- 3 айдан 6 айға дейін жемдейміз. 6 айда едәуір салмақ қосады. Күніне 1 келіден салмақ қосады. Қазір бір бас күніне 10 келі шөп жесе, 6 келі жем жеп тұр. Жүгері, жем, сығынды – бәрін береміз. Болашақ жоспарымыз – мал бордақылауды көбейтіп, мал өсіруді көбейтіп, ет өнімін сапалы түрде халыққа өткізу.

Ал Рүстем Ықыбаев болса бастапқыда 7 шаруа қожалығының басын қосып кооператив ашыпты. Мемлекеттің іріленген шаруашылықтарға қолдауы артып келе жатқанын сезген өзге де 12 қожалық Рүстемнің бірлестігіне қосылыпты. Күзде 220 ірі қараны бордақылап сатып үлгерсе, қазір тағы 200 бас жемделіп жатыр. Болашақта мың басқа арналған алып кешен салуды жоспарлайды. Жылқы мен қой да өсіруді қолға алмақ.

Рүстем Ықыбаев, кооператив төрағасы:

- Әкелген асылтұқымды малдың жарты ақшасын, 150 мыңын үкімет қайтарып береді. Бордақыға бір басқа 20 мыңнан дейді, соған бағытталып жатырмыз. Мүшедегі адамдарға кредит алғанға да пайдасы зор. Бірінші кооператив деп барлық жерде айтып жатыр ғой. Жұмыссыз адам жоқ. Қаладан көшіп келіп жатыр. 2-3 адамды қаладан әкелдік. Сатылатын үй жоқ.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

- Елбасымыздың ауылға жасап жатқан жақсылықтары өте көп. Ауданымызда 10 мыңнан астам аула болса, қазіргі біздің жоспарымыз бойынша 4 мыңнан астам аулада мал бордақылау алаңдары пайда болады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтудың ең төте жолы. Себебі Тарбағатай ауданында зауыт пен фабрика жоқ. Бізде теміржол жоқ. Біз шалғайда жатқан ауданбыз, Қытаймен шекарада. Біздің негізгі кәсібіміз де мал шаруашылығын дамыту болған.

Былтыр Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 30 миллиард теңгеден асқан. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде облысқа бөлінген 2 миллиард теңгенің 30 пайызын осы өңірдің тұрғындары игерген. Билік пен бұқараның қоян-қолтық жұмысының арқасында биыл да бұл көрсеткіштер еселене түспек.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы