384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұратхан Тоқмәди ісі бойынша 40-қа жуық куәгерден жауап алынды

  • 976
  • UPD: 23:04, 21.02.2018

Таразда шыны өндірісімен танылған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Бүгінгі күнге дейін 40-қа жуық куәгерден жауап алынып, бұған дейін айтылмаған біраз құпияның беті ашылды. Белгілі болғандай, Ержан Тәтішовке бұрын да қастандық жасалған. Тіпті ол бақилық болғаннан кейін де оның отбасына қысым көрсетілген көрінеді.

Бүгін белгілі бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиге қатысты 4-сот отырысы өтті. Айыпталушы бұған дейінгі сотта банкир Ержан Тәтішовты тапсырыспен өлтіргенін толық мойындап, бұл әрекеті үшін Әбілязовтан 4 млн АҚШ долларын алғанын айтқан еді. Ол арам ақшаның алдымен 2 миллион долларын алып, несиесін төлеген.

Бұл оқиғаның негізгі куәгері Тәтішовтің оққағары – Сергей Козлихин. Ол оқиға кезінде көлікте болған. Оның айтуынша, аңшылықта жүргенде көлікті марқұм Ержан Тәтішовтің өзі тізгіндеген. Ал Сергей соның жанындағы орындықта отырыпты. Куәгер «Тоқмәдидің қалай оқ атқанын көрген жоқпын», – дейді. Тек атылған дауысты естіп, банкирдің көтеріліп барып құлағанын байқаған.

Сергей Козлихин, куәгер:

- Көлікті дереу тоқтаттым да, машинадан атып түсіп Тоқмәдиді жұлқып сыртқа шығардым. Сен не істедің деп сілкіп қалдым. Ол бозарып кеткен. «Сергей, сен түсінесің ғой, мен мұны қалаған жоқпын, ол қаруды маған өзі берді ғой» деді. «Шүріппені қалай басқанымды түсінбей қалдым» деді. Сөйтіп есеңгіреп, дел-сал күйде тұрып қалды. «Болды, мен өмір сүре алмаймын» деп қайта-қайта айта берді.

Марқұм Ержан Тәтішов қаза болғаннан кейін Мұхтар Әблязов оның отбасына қысым көрсеткен. Ол банктің акциясына қызығып, құнды қағаздарды өзі иемденбек болған көрінеді. Сонымен қатар банкир Ержан Тәтішевтің қос бауыры да осы акция үшін жеңгесімен жауласқан. Сол себепті Тәтішевтің жары Анар Айтжанова бала-шағасын алып, елден кетуге мәжбүр болған. Бұл жайында Тоқмәдиге қатысты өтіп жатқан сот процесінде Айтжанованың жеңгесі Марина Макарова айтып берді.

Марина Макарова, куәгер:

- Анар күйеуінің шаруасына араласпайтын. Көп нәрсені айта да бермейтін. Бірақ жолдасы қайтқаннан кейін араласуға тура келді. Ол құнды қағаздарды сенімді адамдарының атына қалдырып, өзі балаларының қауіпсіздігі үшін шетел асып кетті. Бірақ кейін маған қоңырау шалып: «Мұхтар Әбілязовпен сөйлесіп белгілі бір шешімге келдім. Бұл компанияларды Мұхтардан келген адамға беру керек» деп айтты. Артынан Ефимова қоңырау шалып, кейін өз адамдарының атына аударып алды.

Бүгінгі процесте сот Әбілязовтың оққағарлары мен жүргізушісінен куәгер ретінде жауап алды. Жалпы саны 10-ға жуық адам сұраққа тартылды.

Айта кетейік, белгілі кәсіпкер Мұратқан Тоқмәдидің ісі 78 томнан тұрады. Жалпы саны 100-ге жуық куәгерден жауап алынбақ. Алдағы күндері Тәтішевтің әйелі мен екі бауыры да куәгер есебінде қатысуы мүмкін.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы