384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында ұлттық киімдер күні ұйымдастырылды

  • 1172
  • UPD: 07:49, 04.03.2018

Маңғыстау облысында наурыздың 22-сіне дейін ұлттық құндылықтарды дәріптеп, рухани сананы жаңғыртуға бағытталған түрлі шаралар өткізіледі.

Әр күн әр тақырыпқа арналады. Шара барысында ұлттық дәстүрді ұлықтауға, қайырымдылық жасауға, қарттарды қадірлеп, спорт пен білімді дамытуға ден қойылмақ.

Фатима Биркле – «Осетин» этномәдени бірлестігінің төрайымы. Ол өңірде өткізілетін мерекелік шараларға үнемі өз ұлтының киімімен келеді. Бірлестік төрайымы оюмен өрнектелген осетин киімдерінің қазақтың ұлттық киімдеріне қатты ұқсайтынын айтады.

Фатима Биркле, «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің төрайымы:

- Көйлегім мен шапанымды көргендер «Қазақтың ұлттық киімі ме?» деп сұрап жатады. Жоқ, бұл осетин ұлтының киімі. Мүмкін кейбір элементтерін кезінде ата-бабамыз қазақтардан алған шығар, киімдерімізде ұқсастық бар. Біздің осетин қыз-келіншектерінің көйлектерінің етегі де ұзын.

Бүгін «Достық» үйінде ұлттық киімдер көрмесі өтті. Аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдері балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларына өз ұлтының дәстүрлі киімдерін, олардың тарихын және ерекшеліктерін таныстырды.

Амангүл Жайылханова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры:

- Біздің ертеңіміз – бүгінгі біздің жастарымыз. Сол себепті жастарға халықтың достығын насихаттау, бір-біріне деген төзімділікті ілгерілету және жастарымызға Наурыз мерекесінің мән-мағынасын түсіндіру мақсатында бүгін осындай шара ұйымдастырдық.

Ұлттық киімдер күнін өңірдегі барлық ұжым атап өтуде.

Бүгінгі ұлттық киімдер күнін атап өтуге біздің тілшілер қосынындағы қызметкерлер де атсалысып, жұмысқа әрқайсысы өзінің ұлттық киімін киіп келді. Біз көпұлтты ұжымбыз, орыс та, армян да, белорус та бар. Менің үстімдегі қазақтың оюлы жеңіл кәжекейі. Мұнда халқымыздың сан ғасырлық тарихының иісі сақталған. Өзінің сипатымен, сұлулығымен және сәнімен өзге ұлттық киімдерден өзгеше.

Ал ертең облыс тұрғындары ұлттық ойындар күнін тойлайды. Білім беру орындарында қазақтың ұлттық ойындары насихатталып, жарыстар ұйымдастырылады. Асық пати өткізіледі. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шаралар тізбегі Ұлыстың ұлы күніне дейін жалғасады. Теңіз жағалауында домбыра сайысы, шұбат мерекесі мен «Ақ дастархан» байқауы өткізіледі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы