383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы әкімдігі мерекеге арнап 25 тонна наурызкөже пісірген

  • 697
  • UPD: 11:26, 22.03.2018
Алматы әкімдігі мерекеге арнап 25 тонна наурызкөже пісірген Twitter

Наурыз мерекесін алматылықтар да кеңінен атап өтіп жатыр.

Биыл мұнда мерекелік іс-шаралар бір ай бойына атқарылады. Мәдени бағдарламалардың ауқымы кең. Жергілікті билік қала тұрғындары мен қонақтарына арнап 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырып отыр.

Алматыдағы мерекелік іс-шаралар сағат 11:00-де басталды. Бүгін күн райы да тамаша. Синоптиктердің болжауынша, түске таман күн 20 градусқа дейін жылиды. Қаладағы негізгі мерекелік іс-шаралар біз тұрған Астана алаңында, «Алматы-Аренада», сондай-ақ  Жібек жолы және Панфилов көшелерінде өтіп жатыр. Мереке барысында спорттық, мәдени-бұқаралық шаралар, әртүрлі көрмелер мен концерттер ұйымдастырылады. Қолөнер бұйымдарын жасаудан шеберлік сабақтары болады. Ұйымдастырушылар тек Жібек жолы және Панфилов көшелерінде өтіп жатқан мәдени бағдарламаларды көруге осы үш күн ішінде 120 мыңнан астам адам келеді деп болжап отыр. Алматы әкімдігі мерекеге арнап 25 тонна наурызкөже, 25 тонна бауырсақ пен 5 тонна палау әзірлеген екен. Сонымен қатар көлемі 25 мың шаршы метрден асатын құрақ көрпе тігіп Гиннестің рекордын жаңартуды жоспарлап отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған ісмерлер құрақ көрпені тігуді бастап та кетті. Көрпені күзде қала күніне қарай аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы мейрам бір ай көлемінде өткенімен, негізгі мерекелік іс-шаралар 22-25 наурыз аралығында өтеді. 150-ге жуық іс-шараның барлығын айтып шығу қиын. Сондықтан Наурыз мейрамына арналған мерекелік бағдарламалар туралы нақты ақпаратты Алматы қаласының ресми сайтынан біле аласыздар.

Авторы: Ұлан Нарынбек

Хабар 24 телеарнасы