384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада автотұрақ үшін ақы төлемейтіндерге айыппұл салынады

  • 702
  • UPD: 20:10, 29.03.2018

Астанадағы «Нұржол» желекжолы бойында орналасқан ақылы тұраққа көлік қойып, ақшасын төлемейтіндерге бұдан былай айыппұл салынады.

Осыған орай елордада бүгін арнайы рейд өтті. Темір тұлпарын рұқсат етілмеген жерге қалдырып кеткендер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Серікболсын Қабылданың көлік тізгіндегеніне 5 жыл болған. Айтуынша, өзі жол ережесін мұқият сақтайды. Бірақ алғаш рет темір тұлпарын рұқсат етілмеген жерге қойып, бүгін айыппұл арқалады.

Серікболсын Қабылда, көлік жүргізуші:

- Көлік қоятын орын болмаған қойдым. Ережені бұзбауға тырысамын. Білмеген соң қойдым.

Астаналықтарға аян. Қаңтардың он бесінде «Нұржол» желекжолында ақылы автотұрақ ашылған-ды. Аталған аймақта қазір 12 паркомат пен көлік қоятын 487 орын бар. Бірақ осы уақытқа темір тұлпар тізгіндегендердің тек 10 пайызы ғана ақы төлеген.

Екі жарым айдың ішінде ақылы тұрақ қызметін 3 мыңнан астам азамат пайдаланған. Алайда жүргізушілердің көпшілігі көліктерін коммуналдық тұраққа қойғандары үшін ақша төлемей жалтарыпты. Немесе темір тұлпарды рұқсат етілмеген жерге қалдырып, бұл аймақта көлік қою ережесін әлі күнге дейін бұзып келеді. Енді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, тұрақ ақысын төлеуден жалтарғандарға үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде аталған ереже қайта бұзылса, салынатын айыппұл мөлшері бес айлық  есептік көрсеткішті құрайтын болады.

Айгүл Амантаева, «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС баспасөз хатшысы:

- Осы күнге дейін 3 айдай ақпараттық түсіндіру жұмысы сынды үлкен жұмыс өткізілді. Біз осы күнге дейін бірде-бір көлікке айыппұл салған жоқпыз. Енді алдағы сәуір айынан бастап айыппұл салынатын болады. 

Бүгін бір сағаттың ішінде көлігін рұқсат етілмеген жерге қойған 4 азаматқа айыппұл рәсімделді. Ал ақылы тұраққа темір тұлпарын тегін қалдырғандарға әзірше ескерту жасалды. Бірақ ол үшін де айыппұл салынатындығын ұмытпаңыз. Айтпақшы, біле жүріңіз, «Нұржол» желекжолындағы арнайы орындарға көлікті қою үшін сағатына 100 теңге төлеу қажет. Бұл – әзірге Астанадағы жалғыз ақылы автотұрақ. Жыл соңына дейін оның санын 9 мыңға дейін жеткізу жоспарда бар.

Төлем тәсілдері және паркомат орналасқан орындар туралы ақпаратты «2888.kz» сайтынан біле аласыз. Ал демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлік қою тегін.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы