384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі ескі мұражайдың ғимараты еліміздің киелі орындарының қатарына енді

  • 673
  • UPD: 11:29, 13.04.2018

Семейдегі «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енді.

Бір жарым ғасырлық тарихы бар көне ғимаратқа өткен жылы күрделі жөндеу жасалды. Заманында Абайдың өзі тоқтаған киелі орын талай қазақ зиялысына баспана болыпты. Бұл Елбасының   «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қайта жаңғырған тарихи ғимарат.

Екі қабатты көне ғимарат XІX ғасырдың ортасында салынған. Төменгі қабаты қызыл кірпіштен, жоғарғысы ағаштан тұрғызылған. Әуелде бұл үй Москвин деген орыс көпесіне тиесілі болыпты.

Болат Жүнісбеков, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы директоры:

-1890-жылдары біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы өзінің балаларымен біріге отырып, өз ауылынан шыққан жерлесі, Семейдегі банк қызметкері Әнияр Молдабевқа осы үйді сатып әперген екен. Содан бері бұл үйде ерекше үлкен тарихи оқиғалар болған. Алаш арыстары бұл үйде жиі бас қосып тұрған.

Абай басқан ізбен бұл үйде қазақ зиялылары, ұлт қайраткерлері де жиі бас қосып тұрған. 1944 және 1967 жылдары мұнда ойшыл ақынның мұражайы орналасып, кейін кітапханаға айналды. Ал 1990 жылы Абайдың мемлекеттік қорық мұражайына қайта берілді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Гүлнар Міржақыпқызының естеліктеріне сүйенсек, бұл үйде 1921-1922 жылдары Дулатовтар отбасымен тұрса, мына біз тұрған төменгі бірінші қабатында Әлихан Бөкейханов үй-ішімен жайғасқан екен. Қазір бұл жерде күрделі жөндеуден өтіп, көне жәдігерлермен толыққан. Солардың бірі Ахмет Байтұрсыновтың өз қолымен толтырған өмірбаян деректері.

Тарихи деректер бұл үйге Шәкәрім қажының да жиі бас сұғып, Ахмет Байтұрсынұлы өмірлік жары Бадрисафамен тұрғанын айғақтайды. Қазір мұражай үйде мыңнан астам жәдігер мен маңызды құжаттар жиналған.

Бауыржан Досжанов, Алматы қаласының тұрғыны:

-Кез келген ұлт өзінің тарихына қарап өседі. Ал біздің қазақтың тарихы өте кеңінен жайылған. Сонау сақ дәуірінен бастап, қазақ хандығы, одан бері келе Алаш ұлдарының тарихын оқып, біліп, өз бойларына сіңірсе, бізде өте ұлтжанды, патриот жастар тәрбиеленеді деп ойлаймын.

Қазір Шығыс Қазақстан облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында кең ауқымды шаруалар қолға алынған. Алдағы 5 жылда жалпы құны 28 миллиард теңге болатын 57 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы