384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы Ұлттық ұлан жауынгерлері қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдауға машықтанған

  • 1095
  • UPD: 09:27, 08.05.2018

Отан қорғаушы күні - Ұлттық гвардия жауынгерлерінің де төл мерекесі.

Сарбаздар күн сайын қала көшелеріндегі тыныштықты қорғайды.

Қала көшелерінде, үшеуден топтасып жүрген Ұлттық гвардияның жауынгерлерін көргенде қала тұрғындары өздерін қауіпсіз сезінетіні анық. Бейбіт заман болса да олар әрдайым кез келген жағдайға сақадай сай дайын болуы тиіс. Қол күресінен әлем чемпионы Мұхамедәли Арапбай әскери қызметке былтыр ғана келген. Болашағын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін жас жауынгердің замандастарына айтары бар.

Мұхамедәли Арапбай, Ұлттық гвардия жауынгері:

- Спорттың маған әскердегі өмірде көп пайдасы тиді. Әскердегі достарыма, және де менен кейінгі өсіп жатқан әскердегі інілеріме бауырларыма спортпен айналысып, әскери өмірін адал қызметпен өткізіп, және де еліне аман оралғанын қалаймын. Бұйыртса, осы әскерден кейін осы жұмысты жалғастыруға ниеттімін. 

Ұлттық гвардияда тек әскери біліктілікті ғана үйретпейді. Жауынгерлер мемлекеттің заңын, психология ережелерін меңгеріп, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауға бейімделеді. 

Владимир Ткаченко, автокөлік взводының командирі:

- Әскери қызметкер қиын сәтте тез әрекет ету үшін жылдам шешім қабылдай білуі қажет.  Ол заңды, қылмыстық, әкімшілік кодекстің баптарын жақсы білуі тиіс. Сонымен қатар қылмыскерді тұтқындағанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін білек күші де қажет.

Тәуелсіздік жылдары Ұлттық гвардияның 150-ден астам жауынгері мемлекеттік марапатқа ие болған. Олардың 22-сіне өмір бойғы құрмет бекітілген. Көптеген қауіпті операцияларды бастан өткізген жауынгерлер өмірдің сынын да қайыспай көтеретін нағыз азаматтар, дейді командирлер.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы