378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОҚО-ның Төлеби ауданынан майданға 10862 жауынгер аттанған

  • 1067
  • UPD: 15:06, 10.05.2018

Оңтүстік Қазақстан облысынан соғысқа қатысқан 140 мың жауынгердің 10 мыңнан астамы Төлеби ауданынан.

Олардың қатарында Зертас ауылының тұрғыны қарт майдангер Байзақ Мамытов та бар. Бүгінде 96 жасқа аяқ басқан ардагер әлі де тың.

Байзақ ақсақал соғыс басталғанда 18 жаста екен. Бір жыл колхоздың жұмысына араласып, 1942 жылы туған ағасы Өмірзақ екеуі соғысқа аттанған. Алдымен пулеметчик курсын бітіріп, Сталинград майданына қатысқан.

Байзақ Мамытов, ҰОС ардагері:

Сталинградты аламыз деп, екі жақ қырылып жатты. Күнде шабуыл, адамдар шыбын сияқты қырылды. Аспанда жарылатын снаряд бар, ұшақты ататын сияқты. Сол жарылып, қолымды тесіп өтті. Құдай әйтеуір тірі қалдырды ғой.

Сталинградты жаудан азат еткеннен кейін 1943 жылы Украина, Румыния, Венгрия, Югославия және Австрияны неміс фашистерінен босатуға қатысқан. Жеңісті Вена қаласында қарсы алып, 1947 жылы елге оралады. Ағасы Өмірзақтың да туған жерге аман-есен табаны тиеді. Екеуі де ұзақ жылдар бойы колхозда жемісті еңбек етіп, басшылық қызметтер атқарған.

Асқарбек Мамытов, Өмірзақ Мамытовтың ұлы:

– Біздің әкеміз 1991 жылы қайтыс болып кетті. Бұл кісі ауылдың биі болып, қызметті етті. Жастарға ақыл-кеңес айтып, тәрбие беріп, қариялығын жасап жүрген кісі.

Бүгінде қарт майдангер 10 ұл-қыздан 42 немере, 56 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Жұбайы Зәбен әже ертеректе дүние салған. Биыл тоқсанның алтауына аяқ басқан Байзақ ақсақал жастарға ақыл-кеңесін айтып, батасын беруден жалыққан емес.

Байзақ Мамытов, ҰОС ардагері:

– Әумин дедім саған, Құдай берсін бізге. Келешегіміз жақсы боп, өсіп-өніп, әрдайым жақсылықта бас қосып, сіз, біз деп, бұдан да жақсы абыройға жете берейік. Ойнап-күліп жүре берейік, әумин!

Жалпы Төлеби ауданынан майданға 10862 жауынгер аттанып, Ұлы Жеңісті жақындатуға зор үлес үлес қосты. Сұрапыл жылдардың куәгері болған 10 соғыс ардагері биылғы Ұлы Жеңістің жетпіс үшінші көктемін бізбен бірге қарсы алып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Мұсатов, Нұрмақан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы