384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жылдың қаңтарына дейін тіркелмеген телефондар байланыстан ажыратылуы мүмкін

  • 908
  • UPD: 01:33, 17.05.2018

Ұялы байланыс абоненттері телефон құрылғысын 2018 жылдың аяғына дейін өз атына тіркеуі қажет.

Өйткені 2019 жылдың қаңтарынан бастап, тіркелмеген номерлер оператордың байланыс қызметінен тыс қалуы мүмкін. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халық алдында есеп беру жиынында хабарлады. Оның айтуынша, бұл халықаралық тәжірибе смартфон ұрлығы сияқты ұсақ қылмыстар санын едәуір азайтады. Өткен жылды қорытындылау шарасында ведомство басшысы телекөпір арқылы өңірлерден қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеке блогына түскен сауалдарды да назарға алды.

Дәурен Абаев баяндамасын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысынан бастады. Мәселен, осы жылдың соңына дейін Маңғыстау, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында аналогтық телерадио хабар тарату желісі тоқтатылып, толық цифрлық жүйеге көшеді. Сондай-ақ отандық телеарналарды онлайн-режимде көруге мүмкіндік беретін «Ғалам ТВ» жобасы да жаңартылған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Еліміздің өзге де аймақтары цифрлық хабар таратуға 2020 жылдың соңына дейін көшіріліп болады. «Отау ТВ» отандық спутниктік операторды дамыту мақсатында «Жаңа Отау +» ақылы пакетті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның құрамында шетелдік түрлі жанрдағы белгілі 14 телеарна болады. 

Министр телекоммуникация және қазақстандық пошта қызметі саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде азаматтардың интернетке қолжетімділігін арттыру жұмыстары қолға алынды. Бүгінде елде 13 млн-нан астам адам жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланады. Тұрғындар саны 10 мыңнан асатын елді-мекендер байланыстың 3 Джи стандартын, ал 50 мың тұрғыны бар қалалар мен аудан орталықтары 4 Джи желісін қолдана алады. Өткен жылы елдегі барлық аудан орталығы 4 Джиге қосылды. 

Министрліктің ендігі мақсаты - кең жолақты интернетті ауылдық жерлерге тарту. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы осы мақсатта бірқатар жоба қолға алынды. 2021 жылға дейін жоғары жылдамдықты интернет 1249 елді мекенге жеткізіледі. Бұл шамамен 2 млн астам адамды қамтиды. Сонымен қатар «Электрондық еңбек биржасы» жобасы бүгінде мемлекеттік органдардың бірыңғай цифрлық рекрутинг алаңына айналып отыр. Порталда жалпы 33 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Осы арқылы 25 мың адам екі қолға бір күрек тапты.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Жыл соңына дейін барлық облыс орталығында халыққа қызмет көрсету орталықтары толық цифрлық форматқа көшіріледі. Арнайы терминалдар арқылы азаматтар оператордың көмегінсіз-ақ өзіне қажетті анықтаманы ала алады. 

Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы азаматтарға мемлекеттік қызметтің 235 түрі ұсынылып отыр. «Еgov» арқылы 2012 жылдан бастап 135 мыңнан астам компания ашылды. Ал электрондық лицензиялау порталы 400-ге жуық автоматтандырылған сервистік қызмет көрсетеді. Өткен жылдың өзінде электрондық үкімет порталы арқылы 34 млн астам қызмет көрсетіліп, миллионға жуық лицензия мен рұқсат құжаты берілді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы