384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында ет комбинаты салынады

  • 784
  • UPD: 21:17, 20.05.2018
Алматы облысында ет комбинаты салынады

Еліміздегі «100 нақты қадам» стратегиялық даму жоспарын іске асыру аясында ет экспорты әлеуетін арттыру міндеті тұр.

Оны орындау жолында Алматы облысында жаңа ет комбинаты салынады. Инвестициялық құны 20 млрд теңгелік жобаны Италияның трансұлттық компаниясы қолға алмақшы.

Жаңа ет комбинаты Алматы облысының Іле ауданындағы 60 гектар жерге салынады. Ет комбинатының күнделікті қуаттылығы 500 бас ірі қараны союға арналған. «Зауытта  етті өңдеу, дайын ет өнімдерін өндіру, тіпті, мүйіз, тұяқ, терісіне дейін қайта өңдейтін толық технологиялық құрылғылармен жабдықталады», – дейді инвесторлар. Ал жергілікті шаруақожалықтар комбинатты мал етімен қамтамасыз етуге дайын.

Бақытжан Әбдірәсілов, шаруа қожалығының басшысы:

- Қазір жаңадан қабылданып жатқан стратегия бойынша өсірген әр төлінің тірі салмағына 200 теңгеден субсидия бергелі тұр. Бұл – өте үлкен жоба. Сол стратегияның құраушы бөліктерінің бірі болып осындай үлкен компаниялардың елімізге инвестиция салуы өте үлкен үрдіс. Өте үлкен пайдасы болады деген ойым бар.

Комбинатты жалпы жылдық қуаты 25 мың ірі қара етін өндіруге жоспарланып отыр. Құрылысы екі жылда аяқталуы тиіс. Кәсіпорын өнімдерінің 70 пайызы сыртқы нарыққа, негізінен Қытай мен Ресейге экспортталады. 

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- Бізде бүкіл облыстарды есептегенде 30-дан астам мал бордақылау алаңы бар. Біз арнайы бағдарлама жасап, 10 жылда мал бордақылау алаңдарының санын 100-ден асырайық деп отырмыз. Әр осындай алаңның маңында кем дегенде 100 фермерлік шаруашылық жұмыс істеуі керек.

Ет комбинатының салынуына орай өткен ресми кездесу барысында италиялық компания мен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі іскерлік меморандумға қол қойды. Жалпы, өткен жылы елімізде мал шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 154 млрд теңгеге жеткен.

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы